Өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,8% құрады
2023 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,8% құрады. Алты ай ішінде 22 611,9 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, оның ішінде кен өндіру саласында – 10 490,2 млрд.теңгеге (жалпы көлемнен 46,4%), өңдеу саласында – 10587,6 млрд. теңгеге (46,8%). Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.

Өндірістің өсуі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда байқалды – 3,7%, өңдеу өнеркәсібінде – 3,4%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 6,8%, сумен жабдықтау; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметте 6,4%.
Өңірлер арасында айтарлықтай өсім Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Абай, Алматы облыстарында және Алматы қаласында тіркелді.
Шикі мұнайды (105,6%), табиғи газды (102,5%), темірді қоспағанда, кендерді (102,9%), өзге де пайдалы қазбаларды (117,4%) өндіру салаларының артуына байланысты 2023 жылғы қаңтар-маусымда тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,7% құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде былтырғы бірінші жарты жылмен салыстырғанда есепті кезеңдегі өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,4%-ды құрады. Өсім тамақ өнімдері – 5,3%, сусындар – 6,6%, өңделген мұнай өнімдері – 2,8%, резеңке және пластмасс бұйымдары – 7,8%, өзге де бейметалл минералды өнімдер – 2,7%, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіруде – 9,5%, машина жасауда – 28,8% белгіленді.
Өндіріс көлемінің өсуі республиканың 16 өңірінде тіркелді, төмендеу Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында байқалды.