Өнімнің стилі мен дизайны
Тұтынушыға арналған құндылықты арттырудың тағы бір жолы – өнімнің ерекше стилі мен дизайны.
Стильмен салыстырғанда дизайн – ауқымды тұжырым. Стиль өнімнің көрінісін ғана сипаттайды. Стиль көздің жауын алатындай немесе зеріктірердей болуы мүмкін. Атышулы (сенсациялық) стиль жұрт назарын бірден аударып, жағымды эстетикаға бөлейді (тудырады), бірақ ол өнімнің функциялық ерекшеліктерін жақсарта алмайтыны сөзсіз. Стильге қарағанда дизайн сырт көрініс қана емес, ол өнімнің ең маңызды ерекшелігі. Жақсы дизайн өнімнің пайдасына да, сыртқы көрінісіне де ықпал етеді.
Жақсы дизайн жаңа идеяларды талқылаудан және прототип жасаудан басталмайды. Дизайн тұтынушыларды бақылау, олардың қажетін түсіну және өнімді пайдалану тәжірибесін қалыптастырудан басталады. Өнім дизайнерлері өнімдердің техникалық сипаты туралы азырақ, тұтынушылар өнімді қалай қолданып, пайдасын қалай көретіні туралы көбірек ойлануы керек. Мысалы, Sonos тұтынушы қажетін ескере отырып, смарт-дизайнға сүйенген, сымсыз интернет желісіне қосылып, бүкіл үйді тамаша дыбысқа толтыратын динамик жүйесін жасап шығарды.
Бұрын үйде ойын-сауық немесе дыбыстық жүйені орнату үшін үйдің астаң-кестеңін шығарып, қабырға, еден және төбе арқылы сымдарды өткізу және біршама шығындалу қажет болатын. Көшкен жағдайда оны өзіңізбен бірге алып кете алмайсыз. Үйдегі дыбыстық аппаратураны цифр дәуіріне лайық жаңа деңгейге көтерген Sonos компаниясына қараңыз. Инновациялық компания сымсыз радиоқабылдағыш жүйесін құрды, ол сәнді ғана емес, сондай-ақ орнату мен қолдануға жеңіл және оны оңай көшіруге болады. Sonos техникасына смартфондағы қосымшаны қоссаңыз, үйдің кез келген жерінде түрлі дыбыс күшейткіштерден жоғары сапалы дыбыс шығады. Смарт-дизайн Sonos компаниясына жақсы қаржы алып келді. 2002 жылы құрылған компанияның сатылымы соңғы екі жылда үш есе артып, жылына шамамен 1 млрд долларға дейін өсті.
«Маркетинг негіздері»,
(«100 жаңа оқулық» жобасы асында аударылған кітап),
Филип Котлер, Гари Армстронг