«Онлайн» жұмыспен табысқа жету жолдары
Егер де сіз жұмыссыз қалсаңыз, не істейсіз? Өзіңіздің кәсіби біліктілігіңіз бен біліміңіздің қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай екендігіне сенімдісіз бе? Әрине, аталмыш мысалға күліп қарауыңыз да мүмкін. Дегенмен, әлемде орын алып жатқан өзгерістерге көз жүгіртіп қарасақ, барлығы тайға таңба басқандай, анық көрініп тұр.
Бүгінде әлемнің заманауи талаптарға сай тұрақты түрде жаңарып, жаңғыруы – заңды құбылыс. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – дей отырып, мемлекет пен ұлттың әрі қарай өмір сүруі үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керектігін көрсетеді.
Яғни, мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі даму көшінен басталады. Бұл жайт нақты бір салаға ғана қатысты емес, еліміздің жетекші салаларының барлығын қамтиды. Сонымен қатар, мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуы халықтың сана-сезімінің, руханиятының деңгейі мен табысқа жету жолындағы бар қажыр-қайратыңа, білімі мен біліктілігіңе, кәсібилігіңе тікелей байланысты. Нақ осы тұста бірқатар жайттарға баса назар аударған жөн.
Мәселен, қазіргі таңда жер тұрғындарының саны күн санап артып келеді. 2018 жылдың басындағы көрсеткіштерге сүйенсек, жер жүзінде 7 млрд. 591,5 млн. адам мекендейді екен. Ал өсім көбейген сайын, сұраныс деңгейінің де ұлғаятындығы белгілі. Яғни, сапалы өмір сүруге сұраныс артқан сайын адамзат түрлі өзгерістерге тап болады. Сұраныспен бірге қойылатын талаптардың деңгейі жоғарылап, бәсекеге қабілеттілік әлемдік нарықтың барлық саласын қамтитын болады. Осындай өзгерістердің әсерінен жаңа жұмыс орындары құрылып, болашақтың мамандықтары туындап, қажет болады.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.
Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде»,- деп көрсетілген. Яғни, бүгінде дүние жүзі Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне бағыт алып, осы жолда әрекет етуде. Қазіргі таңда аталмыш жайтқа қатысты көптеген пікір таластар орын алуда.
Осы ретте еліміз Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіне қаншалықты дайын? Үдемелі түрде өзгеретін интернет желісі, күн сайын жаңарып отыратын техника түрлері, өндірісте қызмет етуге арналған роботтармен қатар бүгінгі адамдардың ойлау деңгейі мен сана-сезімі де белгілі бір дәрежеде өзгеріске ұшырауда. Мәселен, Еуропа елдерінде және Америка мен шекаралас Қытай елінде толыққанды роботтандырылған зауыттар өздігінен жұмыс істейді. Ал адамдар болса, қосымша оқу курстарынан өтіп, жаңа кәсіп түрлерін игеруге бейімделуде.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың». Яғни, уақыттың шаңына көміліп қалуға болмайды. Алға қарай бет алып, жаңашылдықтарға жол аша білу керек. Дарынды және тың ой иелері жұмыстың кез келген түрін тез арада игеріп қана қоймай, жақсы нәтижеге қолжеткізу жолдарын да анықтай алады. Бүгінде ынта мен ықылас болған жағдайда жұмыс істеп, өз сұранысын өтеуге мүмкіндік табылатындығы анық. Бәсекеге қабілеттіліктің басты кілті де – осы.
Мәселен, қазіргі таңда интернет желісінің шарықтап, секунд сайын тың жаңалыққа толығатынын білеміз. АҚШ кәсіпкері әрі қоғам қайраткері Билл Гейтстің «Егер де сіз интернет желісінде болмасаңыз, сіз бизнесте жоқсыз» ұстанымын естімеген жан жоқ болар. Бүгінде интернеттің кез келген адамға берері мол. Бұл тек күнделікті өмірге ғана емес, сіздің маман ретіндегі қалыптасуыңызға да ықпал етеді. Әлем бойынша интернет-бизнес кең етек алған шақта бұл үрдіс біздің елімізде де белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Осы орайда біз интернет-бизнестің қыр-сырына қанығу мақсатында бірқатар жайттарды қарастыруды жөн көрдік. Болашақта онлайн-бизнесте жұмыс істеу ойыңызда болса, келесі кеңестерге құлақ асқаныңыз жөн.
Ең бастысы, онлайн-бизнесте жұмыс күніңіздің ұзақтығы көңілге қонымды болады деп ойламаңыз. Әрине, сіз аталмыш жайтты естіген боларсыз. Тек өз басыңыздан өтпегенше, түсінбеуіңіз мүмкін. Себебі, интернетпен үйде де отырып, жұмыс істеуге болатындығы хақ. Дегенмен, бұл жұмыстың қандай да бір компанияда таңертеңнен кешке дейін атқарылатын қызметпен өзіндік ұқсастығы мен айырмашылығы баршылық.
Қатардағы қызметкер аптаның бес, не болмаса алты күнін жұмыста өткізеді. Ал онлайн-бизнесте жұма күні де қараңғы түнге дейін жұмыс істеуге тура келеді. Себебі, сіз демалыс күндеріңізді өз отбасыңызбен, достарыңызбен өткізгіңіз келері анық. Сондықтан да, жүзеге асырылмаған жоба немесе қандай да бір мәселеге қатысты мазаңыздың қашуына немесе көңіліңіздің түсуіңе жол бермеу үшін жұма күні барлық жұмысты аяқтап тастаған жөн.
Және де онлайн-бизнесте шешілуі тиіс мәселелер мен атқарылуы тиіс қызметтердің соңы көрінбейді.
Сонымен қатар, ең жауапты сәтте барлығының кереғар кетуіңе дайын болыңыз. Біз сізді алдын-ала шошытып отырған жоқпыз. Онлайн-бизнесте табысқа жетудің басты көзі – өз-өзіңе деген нық сенім мен зор қажыр-қайрат.
Онлайн-бизнесті жаңа аштыңыз ба? Ақшаңыз жоқ па? Дәл осы уақытта компьютеріңіз істен шықты делік. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, сары уайымға салынудың қажеті шамалы. Қандай да бір істі бастаудың алдында барлық тың ойларыңыз бен идеяларыңызды белгілеп алыңыз. Және де алдағы сын-тегеуріндерге дайын болыңыз.
Келесі мәселе, онлайн-бизнес жүргізген жағдайда сіз, ең жақсы дегенде, бір жыл қандай да бір табысқа қолжеткізе алмайсыз, қарапайым тілмен айтқанда, қаражаттың түсімі болмайды.
Негізінде, статистика бойынша барлық бастамалардың 90 пайызы бастапқы кезінде жабылып қалады екен. Ал қалған 10%-ының көбісі бір-екі жылдың ішінде ғана табысқа жетеді. Және де бұл – шындық.
Өзіңіздің студенттік кезіңіз есіңізде ме? Міне, сол бір жайт қайта қайталанып жатыр деп ойлаңыз. Бұл тек бастамасы ғана, болашақта сізді табысты бизнес пен жеңісті жетістік күтіп тұрғанын ұмытпағайсыз. Әзірге, бизнесіңіз етек алған алғашқы жылдың ішінде үнемдеуді үйреніңіз.
Онлайн-бизнесті қолға алған кезде сіздің алдыңызда тұрған тағы бір мәселе бар. Сіздің жақындарыңыздың түсінбеуі, нақтырақ айтсақ, сіздің бастамаңызды бизнестің түрі деп қабылдамауы орын алуы мүмкін. Дегенмен, өз-өзіңізге сенуді ұмытпаңыз. Осындай қадамға не үшін бардыңыз? Сіздің түпкі мақсатыңыз қандай? Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев: «Сенім – құдіретті күш: тауды да қозғайды», – деген екен.
Бүгінде онлайн-бизнесті жүргізу дегеніміз жаңадан пайда болған тың идея емес. Ол соңғы 15 жылдың ішінде тұрақты түрде дамып келеді және осы бес жылда қарқынды үрдіске айналды. Дегенмен де, елімізде бизнестің бұл түрі толыққанды орнықпады. Жасөспірімдер мен үлкендер онлайн-бизнестің пайдасы туралы білмейді, әлі де болса түсінбейді. Мәселен, жастардың ішінде де үйде отырып қалай ақша табуға болатынын түсінбейтін жандар жеткілікті.
Ең бастысы, кім не айтса да, өз бизнесіңіздің шынайы, нақты табыс көзі екенін түсініп қана қоймай, ұмытпаңыз. Егер де сіз қарқынды жұмыс істеу арқылы бүгінгі нарыққа қажетті дүниені ұсынатын болсаңыз, сізге сенбеген барша жандарға дәлелдейсіз.
Дегенмен де, сіздің денсаулығыңыз күрделі сынақтарға тап болады. Бұл жағдайда ұмытылмауы тиіс бір ақиқат бар. Сіздің денсаулығыңыз барлығынан маңызды. Көп жағдайда, онлайн-бизнесті жалғыз бастауыңыз ықтимал. Сонда сіз ауырып қалсаңыз, жұмысыңыз не болады? Әрине, сіздің бизнесіңіз қарқын алмай жатып, бәсеңдеп, не болмаса тоқтап та қалуы мүмкін. Ал бұл сіздің клиенттеріңізге, сіздің беделіңізге ауырлықтар алып келеді.
Осының барлығы күйзелістің туындауына, жұмыс сағаттарының көбеюіне әкеліп, сізді түрлі ойлар қаумалап, мазаңыз қашады. Ең соңында, көп жұмыстың салдарынан денсаулығыңызға күрделі зиян келуі мүмкін.
Сонда не істеу керек? Бірінші кезекте, өзіңізді ойлауыңыз қажет. Денсаулығыңыздың жақсы болуы бизнестің табысты болуына тікелей әсер етеді. Бұл – шынайы ақиқат.
Және де сіз жүйке-жүйеңізді күтіп, сақтасаңыз, өзіңізді бақыттырақ сезінетін боласыз. Бұл үшін таңертең, не болмаса, қолыңыз босаған уақытта, түрлі жаттығулар жасаңыз. Түскі асты уақытылы ішуді ұмытпаңыз. Таңертең шаршап оянсаңыз, өзіңізге төсекте біраз уақыт жата тұруға ерік беріңіз. Көңіліңізді серпілту үшін салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Осы ретте апта сайын демалыс алып тұруға да болады. Ең бастысы өзіңіздің күшіңізге және бизнесіңіздің нәтижелі болатындығына сеніміңіз мол болсын.
Әрине, аталмыш жайттардың кейбіреуі көңілге ұнамсыз болуы мүмкін. Дегенмен, онлайн-бизнес дегеніміз жақсы бастамалардың бірі де бірегейі болып табылады. Өзіңіздің бизнесіңіз сізге тәуелсіз болуды үйретеді, сенімділік береді.