Оңтүстікте «Қымызмұрындық» мерекесі тойланды
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында ежелгі дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті.
Жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығын насихаттау мақсатында өткен ұлттық сусын мерекесіне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихаттың депутаттары, өңір ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, этномәдени орталықтардың төрағалары қатысты.
Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің орны орасан зор екенін айтқан өңір басшысы Ж.Түймебаев: «Бұл дегеніміз – ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауылып, оның сүті қорланып, ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар қымызмұрындыққа шақырылған. Яғни, алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен берілген. Қазақта сусынның құнан қымыз, дөнен қымыз, уыз қымыз, жазғы қымыз, түнемел қымыз сияқты түрлері бар. Бұлардың әрқайсысының дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ауызымызды ақтан айырмасын» деп тілек айтысқан, олай болса бүгінгі «Қымызмұрындық» тойы құтты болсын!» – деді.
Сонымен қатар, дүбірлі тойда делебе қоздырған талай жарыстар өтті. Қымыз баптаушылар сайысы, қолөнер шеберлерінің көрмесі, құлынды бие және сәйгүліктердің шеруі, ұлттық ат спорт түрлерінен көріністер көрсетілді. Қымыз ішу сайысына 15 аудан, қалалардан үміткерлер қатысып, жеңімпаздар облыс әкімінің арнайы сыйлығымен, дипломдармен марапатталды. Бұдан бөлек өңірдегі барлық аудан, қалалар киіз үй тігіп, оны безендіріп, этноауыл ұйымдастырып қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фестивальде қымыз баптаудан бас жүлдені тау баурайында бапталған бал қымыз иесі Түлкібас ауданының үміткерлері иеленді. Бас жүлде иегерлеріне құлынды бие тарту етілді. Бірінші орынды Бәйдібек ауданының қымыз баптаушылары еншілесе, екінші және үшінші орынды Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданының үміткерлері иемденді. Қолөнершілер байқауында түркістандық шеберлердің бағы жанса, сәйгүліктер сайысында Шымкент қаласының атбегілері жеңімпаз болды. Жұртшылық назарын аударған қымыз құмарлар бәсекесіне барлық ауданнан ынталы азаматтар қатысты. Аса қызықты өткен жарыста 10,5 тостаған қымызды тоқтамай сімірген Арыс қаласы, Монтайтас ауылының тұрғыны Алмас Жаманқұлов жеңіске жетті. Бұл күні осылайша, қазақтың салт-дәстүрі дәріптеліп, жиналғандар риза болып тарқасты.