Жаңалық

Open Qazaqstan. Оралдағы 4 тарихи орын

Бұл мекен Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Хадиша Бөкеева, Роза Жаманова сынды қайталанбас дарын иелерінің кіндік қаны тамған жер.

Европа мен Азия кездескен, тарих тамыры тереңге еңген шаһардың қазіргі келбеті қандай? Осы жердегі туристік мекендер мен ел тарихында ерекше рөл атқаратын жерлермен таныстырғымыз келеді.

«Бөкей ордасы» тарихи кешені

Тарихи музей облыс орталығынан 550 шақырым жердегі Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданы Хан ордасы ауылында орналасқан. Ауыл көшелеріндегі хан Жәңгір кезеңінен қалған 40-тан астам ғимарат бар. Музей кешені 1962 жылы Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Музейдегі ғимараттар санының көбеюі себебінен 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені дәрежесіне көтерілді.

Кешен құрамында 1828 жылы салынған Хан сарайы, XIX ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, 1868 жылғы Тарғын мектебі, 1883 жылы ашылған Қыздар училищесі ғимараты, XIX ғасырдағы мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан 4 шақырым жерде орналасқан Хан Жәңгір, күйші Д. Шығаев, ғалым М.С.Бабажанов кесенелері құрайтын пантеон бар.

Жайық қалашығы

Бүгінгі Орал қаласының іргетасы қаланған жер. Орал қаласының оңтүстік-шығысында 12 км жерде орналасқан. Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын дәлелденген. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аймағында бірнеше тұрғын және шаруашылық нысандары болғандығы анықталды.

Алашорда үйі

Қазіргі Орал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 140 км қашықтықта орналасақан Жымпиты ауылдық округінде Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат бар. Соның бірі Алашорданың кеңсесі. 1918-1919 жылдары Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар басқарған Күнбатыс Алашорда үкіметі Жымпитыдағы тарихи ғимаратта орналасқан.Бұл ғимарат 1867 жылдары салынған. Екі қабатты ағаш үй, қабырғасы саман тастан тұрғызылып, сыртқы қабаты тақтаймен қапталған. Қазіргі кезде осы елдімекенде Алаш аллеясы, Алашорда музейі жұмыс істейді. Бұл жерде Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш пен Алаш арыстарының тас мүсіндері орналасқан.

«Дәдем ата – Жұмағазы Хазірет» мекені

Орал қаласынан Жымпитыға қарай 80 шақырым қашықтықта орналасқан. Жұмағазы Хазіретті жергілікті халық Дәдем ата деп атайды. Жұмағазы хазірет жас кезінде біраз жыл Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Яссауи мешітінде әрі білім алған, әрі қызметінде болған деседі. Жол жүріп бара жатқан көліктер әулиеге құрмет білдіріп, оның зират тұсына арнайы тоқтап, дұға бағыштап, жол жиегіндегі жәшікке тиын-тебенін салып өтеді.

Шынар Хамит

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button