Жаңалық Сұхбат

Опера әншісі Назым Сағынтаймен сұхбат

Қазақ операларының ең алғашқы тың туындысы «Қыз Жібек» осыдан 85 жыл бұрын Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында сахналанған еді. Жібек партиясын алғашқы болып ойнаған әнші Күләш Байсейітова болатын. Қазақ операсының бұлбұлы салып кеткен жібек жолға таланты мен еңбегін арнаған қазақ қыздары аз емес. Сондай дарынды қыздарымыздың бірі  «Астана опера» мемлекеттік балет және опера театрының әншісі Назым Сағынтай. Жас әншінің RUH.KZ сайтына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Ruh.kz: Назым ханым, қайырлы күн! Классикалық өнерге қалай келдіңіз?

Назым Сағынтай: Қайырлы күн! Әншілікпен бала кезден әуестенемін. Мектеп қабырғасында жүріп, әнді жаныма жақын тұттым. Мектепте эстрадалық әндерді орындап, музыкаға деген ынтамды ұштай бердім. Бала кезімде ән айту бір бөлек, ал опера бағытына бет бұрып, ән шырқау басқа белес. Опера әншісі боламын деген мақсат-арман мектеп бітіретін жылдары келді. Сол кездері еліміздің ең танымал бұлбұлы Бибігүл Төлегенованы телидидардан көріп, өнеріне, дауысына бас иген едім.   Сол себепті, мектеп бітірген кезде қандай мамандықтың иесі боламын деген таңдау болған жоқ. Ішкі дүнием музыканы талап етті. Қызылорда қаласының Қазанғап атындағы музыка колледжіне оқуға түстім. Колледж студенті болған жылдары түрлі конкурстарға қатысып, классика өнерінің мен үшін орны бөлек екенін тағы да түсіндім. Колледжде алған білімімді «Шабыт» Ұлттық өнер университетінде шыңдадым. Еліміздің таңдаулы оқу орындарында алған біліміме ризамын. Бала кезімде талантына тәнті болған Бибігүл Ахметқызының батасын алу, 2014 жылы халықаралық вокалистер байқауында бұйырған еді. Ол кезде университеттің 1 курсына енді келген кезім еді.  Жалпы, өнерге, соның ішінде классикалық өнерге келуіме себепкер – нағашыларым десем де болады. Өйткені әншілік қасиет нағашы әжемнен дарыды.

Ruh.kz: Қазіргі күні еліміздің бетке ұстар театрының бірі «Астана опера» мемлекеттік балет және опера театрының ұжымындасыз. Театрға қалай келдіңіз?

Назым Сағынтай: Осыдан екі жыл бұрын «Астана опера» театрының бастамасымен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек партиясына кастинг жарияланған еді. Кастингке республикамыздың барлық театрларының әншілері қатысқан. Бұл байқауда бағымды сынап көруге бел будым. Өзімнің қабілетіме сенімділік туғызған менің ұстазым, ҚР еңбек сіңірген әртіс Дина Қабыкеева болды. Ұстазымның ақылын тыңдап, Жібектің партиясын орындау үшін өз кандидатурамды кастингке ұсындым. Жібектің партиясын сомдау маған бұйырған күннен бастап, Беларусь елінің режиссері, өз ісінің шебері Михаил Панджавидзенің басшылығымен дайындық жұмыстары басталып кетті. Міне, Жібек партиясын орындау үшін кастингке қатысу жолы мені осы «қара шаңыраққа» алып келген.

Ruh.kz: Қазақ операсының тұңғыш маржаны «Қыз Жібектің» орны бөлек. Жібек партиясын ойнау сіз үшін қаншалықты қиын болды?

Назым Сағынтай: Жібекті сомдау мен үшін қиын болмады. Әрине бастапқы уақытта қобалжыдым. Уайымдадым. Жауһар операмызға айналған «Қыз Жібек» маған классикалық әлемнің үлкен жолын ашты.  Режиссердің бастамасымен болған дайындық жұмыстары қаншалықты қиын болса, өз ісінің шеберлерімен жұмыс жасау соншалықты қызық болды. Ол кез мен үшін өте ыстық. Еліміздің хас таланттары Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Дина Хамзина және де барлық ұжым менің бұл рольді жақсы меңгеруіме және де сахнада тамаша орындап шығуыма үлкен септігін тигізді. Сол үшін өз әріптестеріме айтар алғысым шексіз. «Қыз Жібекті» 2017 жылдың ақпан айында сахналадық. Театрымыздың премьерасына Елбасымыз қатысқан еді. Еліміздің өнер сүйер қауымы алдында Жібекті сомдау мен үшін үлкен мәртебе еді. Сол сәтте, сахнаға шыққан уақытымда бойымды толықтай қобалжу бойлап кетті. Алайда, Жібектің болмысын толықтай меңгергенімнің арқасында сол қобалжуды жеңе білдім. Халқымыздың аңызына айналған сұлу да, ақылды Жібектің ролін еліміздің бетке ұстар театрының сахнасында ойнау ерекше сый.

Ruh.kz: Назым ханым, репертуарыңызда тағы да қандай рольдер бар?

Назым Сағынтай:  Қазіргі уақыттың өзінде «Абай» операсындағы Ажардың, «Біржан-Сара» операсындағы Сараның партияларын сомдауға дайындалып жүрмін. Джакомо Пуччинидің танымал туындысы «Богема» операсындағы Мимидің роліне дайындалып жүрмін. Халқымыздың төл өнерін шет елдік классика сүйер тыңдарманға насихаттау мақсатында, театрымыздың ұжымымен Еуропаның көптеген елдеріне сапарлап барған болатынбыз. Ағымдағы жылдың күз айларында «Астана опера» театры көрермендерін тағы да тамаша бір премьерамен қуантпақшы. Қандай шығармаға премьера болады және қандай партияны орындайтыным  әзірге құпия.

Ruh.kz: Опера әншісі ретінде көкейіңізде жүрген, арман жолыңыздың басында тұрған, сомдағыңыз келетін роль бар шығар.

Назым Сағынтай: Өз елімнің музыкасын бар жаныммен сүйемін. Сол себепті арман-мақсатымның бірі, халқымыздың төл музыкасын әлемге паш ету жолында аянбай еңбектену.  Себебі қазақ опералары мен ариялары шет елдік туындылардан артық болмаса, кем емес. Джузеппо Вердидің «Трубодур» мен  «Макбет» операларында ойнағым келеді. Бұл менің үлкен сахналық арманым. Сол мақсатыма жету үшін тәжірибе жинап, еңбек етудемін.

Ruh.kz: Сіз сияқты опера әншісі боламын деген оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

Назым Сағынтай: Өнерге келу үшін талантты болу керек. Ал, екіншіден, оқушының сол талантын аша алатын, жол сілтей алатын, дарынды ұстазды табу керек. Ұстаз жағынан менің жолым болды. Колледж бен университетте білім берген ұстаздарым, Инаят Жарылқанов пен Дина Шалқарқызы өз ісінің профессионалдары. Талант пен сол талантты аша білетін ұстазбен қатар еңбектену керек. Көп еңбектену керек. Опера өнері спорт сияқты. Күнделікті дайындық жұмыстары үзілмесе, үлкен белестерді бағындыруға болады.

Ruh.kz: Назым ханым, рақмет сізге! Опера әншісі ретінде еліміздің мәртебесін көтере беріңіз! Үлкен армандарыңыз орындалсын!

P.S. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән береді: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», – деген еді. Расымен де, қоғам дамуының басты көрсеткіші болып әрдайым оның мәдени жетістіктері танылды.  Сол себептен, елдің рухани мұрасын бойына сіңіре білген жас таланттар барда, Назым Сағынтай секілді ару қыздар барда, құлақтан кіріп, бойды алатын қазақ әуендері қазақ сахнасында өлмейтіні және әлемге танылатыны сөзсіз.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button