ОҚО – да ұлттық аңшылық өнері қайта жаңғыруда
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында «Салбурын – мереке ғой саятшыға» атты этнографиялық шара өтті. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен кездесуді облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Түлкібас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақ даласында саятшылық, құсбегілік өнері бағзы замандардан бері бірге жасасып келеді. Бүгінде осы салт-дәстүрді берік ұстанған Түлкібас ауданының сегіз қырлы бір сырлы жігіттерінің өнерін насихаттауды көздеген шараға облысымыздың бірқатар аудандарынан өкілдер қатысты.
Этно-танымдық шараның ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Абданбекұлы, белгілі саятшы Мұхтар Атахан қатысып, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы мәні жайында әңгімеледі.
Этнотанымтық шараның негізгі бөлімінде бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында ой-пікірлер білдіріліп, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Іс-шара барысында саятшылық пен аңшылық жайлы қысқа метражды бейнефильм түсірілді.
Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сыры туралы келушілерге мағлұматтар беріп, саятшылық дәстүріміз туралы толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Танымдық шара соныңда орталық директоры Жәнібек Тағаев этнографиялық танымдық шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан Түлкібас ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлеріне алғыс білдіріп, шарада ерекше еңбектерімен көзге түскендерге алғыс хаттар табыс етті.