Жаңалық

ОҚО спортшылары 2017 жылы 265 медальге қол жеткізді

2017 жылы  оңтүстік қазақстандық спортшылар 265 медальге қол жеткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев хабарлады.

Сонымен, оңтүстікқазақстандық спортшылар жыл басынан бері Азия чемпионаттары мен кубоктарында 78 алтын, 53 күміс және 42 қола медаль жеңіп алды. Ал, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 34 алтын, 21 күміс және 37 қола медальге ие болды.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі спорт саласының жетістіктері мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауымен байланысты. Мәселен 2017 жылы облыста 95 мемлекеттік меншіктегі спорттық мекемелер мен кәсіпорындар тіркелген. Оның 30-ы облыстық, 65-і қалалық және аудандық мекемеге жатады. Ал, спорттық нысандардың саны былтырғы жылы 5470-ке жетсе, 2016 жылы 5350 болған.

«Елбасы халықтың салауатты өмір салты туралы айтқанда үнемі бұқаралық спортты дамыту керектігіне ерекше тоқталады. Міне, осы тапсырманы орындау мақсатында облыс аумағында 4614 іс-шара өткізіліп, оған 540 мыңнан астам адам қатысты. Ал, ауылды жерлерде 2884 спорттық іс-шара өткізіліп, 330 мыңнан астам азамат қамтылды. Нәтижесінде 2017 жылы облыста спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 770 мыңға жуық жанға жетіп, жалпы халықтың 26 пайызын құрады», – деді Әлібек Нұртаев.

Бүгінде облыс көлемінде 38 олимпиадалық, 25 олимпиадалық емес спорт түрлері дамытылуда. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде былтырғы жылы жерлестеріміз 1189 медальді жеңіп алса, 2016 жылы 1185 медальге ие болған. Осындай көрсеткіштерімен оңтүстік өңірі республикада көшбасында келеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button