Оқулықтарды аударып, тегін тарату – әлемде баламасы жоқ тәжірибе
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «100 жаңа оқулық» бағытын талқылау мен осыған дейінгі атқарылған істерге баға беру мақсатында Алматыдағы «Ғылым ордасының» мәжіліс залында «Әлеуметтану: жаңа заман оқулықтары» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (КИСИ) мен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры бірлесе отырып ұйымдастырған шараға «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Сулейман Демирел атындағы университеттің ассистент-профессоры, саясаттану бойынша философия докторы (Phd) Мұхтар Сеңгірбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымының докторы Гүлмира Серікқызы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Гульнапис Әбдікерова қатысты. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, аудармашылар, редакторлар, баспагерлер мен әдебиетші мамандары да бар.
Сондай-ақ, алқалы басқосудың модераторы болған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызының айтуынша, 100 оқулықты аудару – ғылыми контентті көбейтіп, қазақ тілінің қорын халықаралық лексикамен байытпақ.
– 10 мың данамен басылып шыққан әр оқулықтың жоғары оқу орындарына тегін таратылатыны көңілге қуаныш ұялатады. Оқулықтардың кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш түрлі форматта қолжетімді болатыны білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді, – деді ол.
Ал «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату – әлемде баламасы жоқ тәжірибе. Бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллион данадан асқан екен.
– Бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін жетеді. Сондықтан да, оқулықтардың бағасы әдетте өте жоғары. Мәселен, профессор Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын американдық студенттер 280 долларға сатып алады. Сол себепті, оқулықты өзге тілге аударып басуға да авторлар өте қатаң бақылау жасайды. Осыны ескере отырып, біз аударма жұмысына еліміздегі іргелі оқу орындары, гуманитарлық бағыттағы ғылыми зерттеу орталықтарының мамандарын кеңінен тартуға тырыстық. Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары шақырылып, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылды. Қазір бұл жұмысқа жалпы саны екі жүзге тарта маман қатысуда. Сондай-ақ, ғылыми аударма ісі жолға қойылған елдердің тәжірибесі мұқият зерттелді. Ілгері аударма технологиясының бірі, дүние жүзінің 180 мыңнан аса аудармашы маманы қолданатын арнайы электронды платформаға қосылдық, – деді Рауан Кенжеханұлы.
«Рухани жаңғыру» аясында аударылған он сегіз кітаптың екі оқулығы әлеуметтану саласына арналған екен. Олар – «Әлеуметтану негіздері» (Essentіals of Socіology) мен «Әлеуметтану теориясы» (Socіologіcal Theory) оқулықтары. Жиында аталған екі кітапты 2018-2019 оқу жылдары оқу бағдарламасына енгізу, жалпы жоғары білім беру жүйесін заман талаптарына сай икемдеу, оқулықтың аудармасы, ғылыми терминология мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ұстаздар мен студенттерге жеткен жаңа оқулықтың мазмұны туралы айтылып, әлеуметтану пәнін оқыту мен ғылымын дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Аталған ғылымның терминологиясы мен өмірден алынған тәжірибелік сынақтары жастардың экономикалық біліктілігін арттыра түсетіні белгілі нәрсе.
Жалпы, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітап 10 мың данамен басылып, еліміздегі 110 оқу орнына тегін таратылған еді. Ал оқулықтардың электронды мәтіндері Қазақстанның ашық университеті – www.openU.kz және Қазақстанның ашық кітапханасы www.kіtap.kz платформаларына орналастырылған. Басқосу аясында алғашқы 18 оқулықтың www.OpenU.kz платформасына орналастырылған электронды нұсқалары да таныстырылды.