Оқушыларға домбыралар сыйға тартылды
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мен сыйға тартқан домбыра!» атты акция ұйымдастырылды.
Бұл шараға аудандағы 28 білім ордасының шәкірттеріне 155 домбыра сыйға берілді. Осынау саз аспаптарын жинақтауға кәсіпкерлермен қатар, мектеп түлектері, ата-аналар мен ауыл тұрғындары да атсалысты. Демалыс саябағында өткен шарада мектеп жанындағы музыкалық ансамбльдің мүшелері өз өнерлерін ортаға салды. Тігілген киіз үйде шебер шәкірттердің қолынан шыққан түрлі әшекей бұйымдары қойылды. Тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық ойындар да ұмыт қалмады. Айта кету керек, аудандағы саз мектебінің шәкірттері таяуда ғана «Дала сазы» атты халықаралық байқауға жолдама алды.
Биман Өтебаев, Абай атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі:
– Ұлттық дәстүріміз жалғасын табады деп ойлаймын. Музыка өнері рухани дамуымызға әсерін тигізеді. Тек күйлермен ғана танысып қоймай, оны шығарған өнер иелерімен танысады және ұрпақтар сабақтастығы ретінде келесі кезеңге жеткізеді.