Оралдағы «Рухани жаңғыру» музейіне 1500-ден аса адам келді
Орал қаласында өткен жылдың желтоқсанында ашылған «Рухани жаңғыру» музейіне 1500-ден аса адам келіп үлгерген. Олардың дені – мектеп оқушылары. Байқағанымыз, музей әлі жәдігерлермен толықтыруды қажет етеді. Экскурсия жүргізушісі Арайлым Қонысбаева әлі толықтырулар болатынын, дәл қазір жәдігерлер жинақталып жатқанын айтты. Айта кету керек, аталған музей – Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында ашылған тұңғыш музей.
БҚО әкімдігінен хабарлағандай, жаңа музей Достық даңғылы мен М.Ықсанов атындағы көше қиылысындағы екі қабатты ескі үйде орналасқан. ХІХ ғасырда салынған тарихи ғимарат музейге лайықталып, қалыпқа келтірілген екен. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан қаржы қарастырылған жоқ. Игі істі туған жер алдындағы перзенттік парызым деп түсінген жергілікті кәсіпкерлер қолға алған. Басты мақсат – 1800 жылғы салынған ғимаратты да сақтап қалу. Бұған дейін бұнда балалар үйі, ал соңғы жылдары шахматистер үйі болған.
«Рухани жаңғыру» музейі – облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы. Сол себепті тек тақырыптық бағыттағы жәдігерлер бар. Экспозициялық залға қаланың өткені мен бүгінін, елдің тұтастай тарихын баяндайтын 500 экспонат қойылған. Музей 4 залдан тұрады. Музей қорына «Қазақстанның қасиетті жерлері» тізіміне енген тарихи орындардың көшірмелері, латын тілінде шыққан баспасөз, Алаш мұралары және тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері қамтылды», – деп хабарлады әкімдіктен.
«Батыс Қазақстан облысының киелі жерлері» залында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына енген нысандар туралы мәлімет, жәдігерлер қойылған. Өздеріңізге белгілі, бұл тізімге облыстан ортағасырлық «Жайық» қалашығы, «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені, Тақсай қорған кешені, Жұмағазы хазірет, Ғұмар Қараш зираты, Жымпитыдағы Алашорда музейі енді. Арнайы құрылған комиссия еліміз бойынша 191 нысанды киелі нысандар қатарына лайық деп тапқан. Бұл тізім алдағы уақытта толығады. Айта кету керек, алдағы уақытта «Жайық» қалашығында ортағасырлық ашық аспан астындағы мұражай құру жоспарда. Сонымен қатар ағартушы-ойшыл Ғұмар Қарашқа өзі туған Жәнібек ауданында кесене салу көзделіп отыр. Құны 8 млн. теңге болатын жоба меценаттар көмегімен жүзеге аспақ.
Келесі залда қазақ баспасөзінің қарлығаштары туралы, яғни, ұлттық баспасөз тарихынан сыр шертеді. Оның ішінде «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Серке» газеттері және «Айқап» журналы туралы деректер келтірілген. Сонымен қатар сол кездегі баспа құралдары, зиялы қауымның еңбек үстелдері, жазу машинкасы қойылған.
«Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Сейтқали Меңдешев сияқты зиялылардың бастамасымен шыққан «Қазақстан» газетін атап өтер едім. Басылымның 18 саны жарық көрген екен. Соның 16-сын «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин Мәскеу мұрағатынан жинақтап, кітап етіп шығарды. Сол кітаптар музейімізге қойылды. Баспасөз тарихына қызығушылығы бар кез келген адамға көруге болады. Бұл зал да толықтыруларды қажет етеді. Оның ішінде басылымдар туралы бейнероликтер мен танымдық ақпараттар санын көбейткіміз келеді», – делінген хабарламада.
Үшінші залда Алаш қайраткерлер өмірі мен олардың ұстанған бағыт-бағдары жөнінде мәліметтер жинақталған. Әсіресе, келушілерге Жаһанша және Халел Досмұхамедовтардың пікірлесіп отырған балауыз мүсіні қызық. Музей қызметкерінің айтуынша, кабинет Х.Есенжановтың «Ақжайық» романында суреттелгендей жабдықталған.
Соңғы «Жаңарған өлке» залына қаладағы ескерткіштердің кішірейтілген нұсқалары, 6-шы шағын ауданның макеті, Оралдың кешегісі мен бүгінінен сыр шертер фотоколлаждар, шаһар туралы тарихи кітаптар мен еңбектер қойылған. Мұнда сонымен қатар электронды киоскі арқылы Оралға виртуалды саяхат жасауға болады.
Айта кетейік, жаңа музей демалыссыз, сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс жасайды.