Жаңалық

Оралханның арманы

28 қыркүйек – Оралхан Бөкейдің туған күні. Биыл жазушы-драматургтың өмірге келгеніне 78 жыл толып отыр.

Қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелген қайраткер 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүние есігін ашқан.  Ата-анасы сөзге шешен, ділмар адамдар болған. Болашақ жазушы әкесі еңбек майданына кеткен кезде туған. Анасы Күлия Бөкей аман-сау оралсын деген ниетпен сәбиінің атын Оралхан деп қояды. Осылайша ол Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия есімді бес қыздың ортасында жалғыз ұл болып өседі.

Оралхан Бөкей бала кезінен жазушы болуды армандаған. Ол бұл туралы күнделігінде: «Адам армандай білуі керек, армандаса, соған қол жеткізеді. Мен жазушы болуды армандадым, жазушы болдым. Менің парталас досым Жеңіс ұшқыш болуды армандады, ол да ұшқыш болды. Адам армандай отырып, соның жолында күресе білуі керек. Бүкіл адамзат саған қарап тұрғандай, өз-өзіңді шексіз жауапкершілікте сезінгенде ғана ойлаған мақсатыңа жете аласың», деп жазады.  

Бірінші таңдаған мамандығы – актерлік.

Мектепті бітіргеннен соң драматург екі жыл ауылда жұмыс істейді. Содан кейін Алматы қаласына барып, консерваторияға оқуға түседі.  О. Бөкей бұл жерде актерлік шеберлік бөлімінде оқыған. Алайда анасының қалауымен консерваторияны тастап, өз білімін Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – ред.) журналистика факультетінде жалғастырады.

1961 жылы туған ауылына оралып, еңбек жолын С. Торайғыров атындағы мектепте пионер-вожатый болып бастайды. 1968 жылы жазушы «Лениншіл Жас» (Жас Алаш) газетіне шақырылып, Алматы қаласына аттанады. Оралхан Бөкейдің балалық арманы сұлулық пен мәдениет салтанат құрған осы бір тамаша қалада орындалды.

Жазушы қысқа ғұмырында классикалық тың туындылар қалдырып үлгерді. Оның «Қамшыгер» деп аталатын тұңғыш жинағы есімін дүйім жұртқа әйгілі еткен еді. Одан бөлек қаламгердің «Мұзтау», «Үркер», «Өз отыңды өшірме», «Құлыным менің», «Үркер ауып барады», «Қар қызы» сынды шығармалары қалың оқырманның көңілінен шықты. Еңбектерінде адам психологиясы тақырыбын терең зерттеді.

Оралхан Бөкейдің орамды сөздері:

  • Бақыт дегеніміз – әр таңды тірі қарсы алып, әр күнді көзімізбен шығарып салу. Өзгенің бәрі – өзіңді алдау үшін тапқан қитұрқылар.
  • Берекесі де бекер ішім-жемнің құлы болсақ, біз үшін жалғыз жанын садақалаған ата-баба аруағынан ұят емес пе?! Иә, аруаққа адалдық, өткенге иман болмайынша, тірілерге салауат жоқ. Тіпті біз күні бүгінге дейін ұлттық адамгершілік, имандық бет-бейнесі мен болмысын, келбеті лайықтылығын анықтай алмай жүрміз.
  • Ақыл мен ар-ожданды адамдарға берсінші.
  • Бұл замандағы ең қорлықты өмір – бар мен жоқтың, жақсы мен жаманның ортасындағы көзден де, көңілден де шет, ұмытылған ұрлық өмір.

Қазақтың біртуар ұлы 1993 жылы Үндістанға барған шығармашылық іс-сапарынан оралмай, 17 мамыр күні Дели қаласында көз жұмды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button