Жаңалық Фото Редакция таңдауы

Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференция - фоторепортаж

Астанадағы Ұлттық кітапханада сөз зергері Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференция өтті, деп хабарлайды ruh.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференция қатысушыларына құттықтау хатын жолдады:
«Қадірлі қауым! Сіздерді көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толуымен құттықтаймын! Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Оның «Қайдасың, қасқа құлыным», «Қар қызы», «Ұйқым келмейді», «Атау кере» және басқа да туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына құнды қазына болып қосылды.

Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды.
«Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» делінген құттықтауда.
Құттықтау сөзді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Жұмаханұлы Омаров оқып, жиынды ашып берді.                          

Мазмұнды шара Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының әкімдігі, Катонқарағай ауданынның тұрақты дамуы қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өтті.

Ғылыми конференцияның тізгінін филология ғы­лымдарының докторы, профес­сор Сауытбек Абдрахманов ұс­тап, бас баяндаманы ғалым, филология ғылымдарының докторы Са­ғымбай Жұма­ғұл жасады.

Келген қонақтарға Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медаль салтанатты түрде табысталып, қаламгер Қайырды Назырбаев құрастырған “Шолпандай таң алдында туып-батты” атты мақалалар мен естеліктер кітабының тұсауы кесілді. Конференцияға ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әлібек Асқар, жазушы, журналист, аудармашы Шәрбану Бейсенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаттары Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, жазушы, публицист. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай,  жазушы, журналист Марат Мәжитов, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Қуаныш Жиенбай, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Асқар Алтай, жазушы, публицист, Жарылқап Бейсенбайұлы, Катонқарағай   ауданының   әкімі   Ділдар  Қалихан, жазушы, прозаик, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбай, ақын, әдебиетші-журналист, драматург Нұрғалым Ұларбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Байтелесұлы Жүсіп, ақын, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры басқармасының төрағасы Аслан Ғафуров қатысты.

«Бірнеше жылдан бері Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры республика көлемінде көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Аймақтардағы жобаларымызда стратегиялық, экологиялық, туристік бағытқа басымдық берген едік. Биылдан бастап біз мәдениетке көңіл бөлуді шештік. Өйткені тұрақты дамудың негізін білім беру мен экономикалық даму тұрғысынан ғана емес, ұлттық құндылықтар жағынан да қарастыруға ұмтылдық. Осы тұрғыда көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің мерейтойына мән беруді шештік. Катонқарағайдан бастау алған мерейтой бүгінде Астанада жалғасын тапты. Өздеріңіз білетіндей, мерейтой Алматыда республикалық айтыспен аяқталады», – деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.

                                

Айта кетерлігі, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған шаралар жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан басталды. Мерейтойды республикалық көлемде атап өту Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының ұйытқы болуымен өтіп жатыр. Іс-шаралар легі 28-30 қыркүйек күндері Алматы қаласында жалғасады.

                                

                                

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button