Орталық Азия медиафорумының екінші күні өтті
Орталық Азия медиафорумының екінші күні «Халықаралық ұйымдар – ынтымақтастық көпірі» атты панельдік сессиядан басталды.

Онда түркі мемлекеттері ұйымының бірінші Бас хатшысы Халил Ақынжы сөз сөйледі. Өз сөзінде ол елдерді халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
«Түркі кеңесінің мүшелері қарама-қайшылықта болмай, бір-бірімен ынтымақтастық орнатуы керек. Сондай-ақ ішкі қақтығыстарды шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Біздің экономикамыз күрделі. Тек ынтымақтастық арқылы шешілуі керек мәселелер бар. Мысалы, су тапшылығы. Тағы бір маңызды мәселе – көрші мемлекеттер арасындағы қауіпсіздік. Бізге көршілес жатқан Ауғанстанды мысалға келтіретін болсақ, ондағы туындаған мәселе біздің елге де өз әсерін тигізеді. Себебі, бізде олармен тарихи қауымдастық бар. Сондықтан осы өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнатуға үлес қосуымыз маңызды», — деді спикер.
«Халықаралық ұйымдар – ынтымақтастық көпірі» панельдік сессиясында сөз сөйлеген Халықаралық түркі мәдениеті және мирасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева бұл форум Түркі халықтарын бір-біріне жақындастыратындығын атап өтті.
«Біз Түркі халықтар арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды нығайтып, қарым-қатынас пен бейбітшілікті тұрақты дамытамыз. Орталық Азия – Түріктің жалпы әдебиетінің орталығы. Бұл өңірде Әл-Фараби, Абай Құнанбаев сыңды талай тарихи тұлғалар мәдени құндылықтар қалдырған. Қазіргі уақытта біз өз әлеуетімізді дамытып, ынтымақтастық аясында бірлесіп жұмыс істеуге ұмтылуымыз қажет», – деді ол.
Сондай-ақ, спикер бұл бағытта халықаралық ұйымдардың да рөлін атап өтті.
«Біз мәдени байланыстарды дамыта отырып, түрік әдебиетінің біріңғай жұмысын жандандырып, әлемге түрік мәдениетін таныстыруды мақсат етеміз. Рухани құндылық – үлкен байлық. Бірінші кезекте өзіміздің құндылықтарды әспеттеп, ұрпаққа мол мұра ретінде қалдыруымыз қажет», – деп атап өтті.
«Креативті индустрия – әлеуметтік трансформацияның элементі» тақырыбына арналған форумның кезекті сессиясында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов креативті индустрияның маңыздылығына және оның даму жолдарына тоқталды.
«Бүгінгі форум аясында шетелдік және отандық сарапшылар ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, әрі қарай дамыту мәселелерін жан-жақты талқылап жатыр. Қазір ең қарқынды дамып жатқан заманауи саланың бірі – креативті индустрия. Орталық Азияның креативті индустрияны дамытуда мүмкіндігі зор деп есептейміз. Статистикаға назар аударсақ, креативті индустрия әлемдік экономиканың жедел дамып келе жатқан бөлігі ретінде танылуда. Бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табыс әкеледі екен. Креативті индустрияның әлемдік экспорты – орта есеппен 250 млрд доллар», – деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, Қазақстанда 2021 жылы креативті индустрияны дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің құрылымында креативті индустрияның үлесі – 2,67 пайызды құрады. Бұл саланы дамыту үшін Таяу шығыстың тәжірибелерін қолдануға болады.
Сондай-ақ аталған тақырып бойынша шетелдік балаларға арналған контенттерді қазақ тіліне дубляждау мәселесі талқыланды.
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған Nickelodeon американдық кабельдік және спутниктік телеарнасының контенті осы жылдан бастап 100% қазақ тілінде көрсетіледі. Сондай-ақ биылдан бастап біздің арнамызда мультфильмдерден бөлек, сериалдар жарық көрді. Тележобалар арқылы балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, көзқарасын қалыптастырамыз. Айта кетейік, 300-ден астам контент кішкентай көрермен назарына ұсынылды», – дедіТМД және балтық елдеріндегі Paramount компаниясының балалар және ойын-сауық брендін дамыту жөніндегі вице-президенті Мария Косарева.
Шетелдік телеарна өкілдері Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар қалаларында зерттеу жүргізген. Нәтижесі бойынша, Nickelodeon арнасының қаралымы 38% құраса, «Балапан» арнасының көрсеткіші – 20%.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Орталық Азия медиафорумының екінші күні. Іс-шараны ұйымдастырушы – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.