Отандасымыз 71-ші Канн фестивалінде үздік актриса атанды
Биыл Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бөлімі аясында айтулы жаңалықтарға толы болды. Соның бірі ретінде қазақстандық өнерпаз Самал Еслямова 71 Канн кинофестивалінде үздік актриса атанғанын айтуға болады.
Аталмыш әлеуметтік драманың мазмұндық желісі Қырғызстаннан Мәскеуге келген қыздың тағдырына құрылған. Ол осы қалада босанып, баласын перзентханаға тастауға мәжбүр болады. Жалпы фильмде сол қыздың аналық сезімі мен мұң-зары сәтті суреттелген. Бұл фильм Германияның, Польшаның, Қытайдың, Қазақстанның және Сергей Дворцевойдың «Кинодвор» студияларының қолдауымен түсірілді.
Отандасымыз Самал Еслямованың өзіне келер болсақ, ол 1984 жылы 1 қыркүйекте Петропавлда дүниеге келген. 2011 жылы Ресейдің театр өнері университетін (ГИТИС) бітірген. Бұған дейін ол «Тюльпан» фильмінде басты рөлді сомдады. Бұл туынды 2008 жылы Каннда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, әділқазылардың жүлдесін, Францияның білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алған еді.
Сонымен қатар ол Канн кинофестиваліндегі жеңісі туралы «Вечерняя Астана» газеті тілшідеріне сұхбат берген екен. Сұрақ-жауаптар легі төмендегідей:
– Картинаны түсіруге жеті жылға жуық уақыт кетіпті. Осы кезең арасында сізге ең қиын болғаны не?
– Фильмде көтерілетін тақырып жеңіл тақырып емес. Бұл психологиялық драма, сол себепті түсірілім кезінде қиыншылықтар болды. Мен өз жұмысымды өте қатты жақсы көремін, ол маған рухани ләззат сыйлайды. Дәл осы қасиет және режиссердің шығармашылық әлеуетіне деген сенім маған күш берді. Бұл туындыда мен сомдаған кейіпкер кадрдың 99,9 процентінде болды.
– Самал, қазіргі көңіл күйіңізбен бөліссеңіз?
– Мүмкін, әлі осы жүлдені жеңіп алғанымды сезіне алмай жатқан шығармын. Бәрі түс секілді. Бұл өте тамаша сезім. Біздің барлық шығармашылық ұжым ең жоғарғы жүлдені алу үшін аянбай еңбек етті, сол үшін барымызды салдық.
– Сіз жүлде тапсыру рәсімінде ұлттық нышандары бар ерекше көйлекпен шықтыңыз. Оны таңдауға көп уақыт жұмсадыңыз ба?
– Менің оған уақытым мүлде болмады. Әрине, мен ұлттық киіммен шыққым келді. Ол үшін Қазақстанға келіп, өлшеп көру керек еді. Қайталап айтам, бос уақыт мүлде болған жоқ. Біз біздің отандастарымыздың – қазақстандық продюссерлердің көмегімен түрлі образдарды қарап көрдік те, осыған тоқталдық. Бұл көйлекті маған Мәскеуге әкеліп берді.
– Мықты бәсекелестеріңіз болғаны үшін қобалжыған сәтіңіз болды ма?
– Шынымды айтсам, фестивальге қатысып жатқан барлық фильмді қарауға мұршамыз болмады. Алайда біз жанкештілікпен еңбек еттік, бар жігерімізді жұмсап, жеңіске жетуге ұмтылдық.
– Барша оқырмандарымыздың атынан сізді тарихи жеңісіңізбен құттықтаймыз, Самал. Сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз.