Жаңалық Редакция таңдауы

Отырардан жеткен көрме

ҚР Ұлттық музейінде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының  «Ұлы жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған көрмеде, Қазақстанның ежелгі өркениет ордасы – Отырарға қатысты құнды  жәдігерлер таныстырылды.

Өз замынында өркениеттің ордасы саналып, Батыс пен Шығысты байланыстырған, қазақтың бойтұмарына айналған Отырар көрмесіне тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып, жалғасып келе жатқан  зерттеулер нәтижесінде табылған жәдігерлер қойылған. Тарихи-тағылымды көрмеде Отырар даласында Ұлы Жібек жолы арқылы сауда қатынастарының дамуы және  Қарахан дәуірінен бастап, Қазақ хандығына дейінгі қалалық мәдениеттің өркендеуі мен дамуынан хабар беретін  154 археологиялық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Көрерменге өткен тарихымыздан кең көлемде мәлімет беру үшін  мұражай қоры жинағындағы археологиялық  жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, т.б. заттай дәйектемелер, сонымен бірге, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар  ұсынылды.

Шара барысында сөз алған  ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Ақмарал Ғосманқызы Ибраева мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Меңлібайұлы Махашов халқымыздың өткен тарихынан сыр шертіп, толымды әрі тың мәліметтер ұсынып отырған көрме жұмысына сәттілік тіледі. Ортағасырлық көне қаладан табылған жәдігерлер тарихы Отырар, Оқсыз, Құйрықтөбе – ортағасырлық  қаласымен де үндесіп жатқанын айтып, осындай көрмелер жергілікті тұрғындар көкірегіне рухани нәр құятынын жеткізді. Ойлылардың ізі қалған Отырарда әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқандығы айтылды. Әлемдік өркениетте өзіндік үлесі зор, тарихы тереңде жатқан Отырар бүгінде – туризм орталығы деп түйіндеп, Ұлттық музей экскурсоводтары келушілерді  көрме барысымен таныстырды.

Көрме 2023 жылдың 30 шілде күніне дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button