Өзгермелі әлемдегі Азия: Болашақтың күн тәртібі

Астанада екі күндік «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтіп жатыр.
Әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының сарапшыларын біріктірген Орталық Азиядағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған жаңа диалог алаңы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылды.
Іс-шараны Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов салтанатты түрде ашты. Өз сөзінде ол Азияның қарқынды экономикалық және технологиялық ілгерілеуін, Азияның әлемдегі өсіп келе жатқан геосаяси маңызы мен форумның өзектілігін атап өтті.
Форум қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу оқыды.
Қазақстан СІМ басшысы өз сөзінде қоғамымызды қайта құру мен демократияландыру, сондай-ақ экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығы біздің және Орталық Азияның табысы үшін өте маңызды екенін айтты.
Өңірлік және жаһандық қауіпсіздік – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Біз қауіпсіздік, сауда, инвестициялар, көлік, логистика, энергетика, индустрияландыру, технологиялық даму, су ресурстарын басқару, экология, мәдениет және білім беру салаларындағы тығыз ынтымақтастықты жақтаймыз. Біз Алматыда Орталық Азияның орнықты дамуы жөніндегі өңірлік хаб құруды ұсынамыз. Қазақстан биылдан ШЫҰ-ға төрағалық етеді. Біз экономикалық және сауда қатынастарын кеңейтуге және нығайтуға, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы тығыз ынтымақтастықты дамытуға, цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге ұмтыламыз, – деді Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан еліміздің сыртқы саясаты туралы айта отырып, Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешу бойынша біз бастамашылық еткен Астана процесін атап өтті. Сонымен қатар ол еліміздің Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетудегі белсенді ұстанымына тоқталды.
Біз өсіп келе жатқан гуманитарлық қауіптің алдын алу жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысуға тырысамыз және Ауғанстанға көмектесу үшін БҰҰ орталығын ашудың стратегиялық маңызы зор деп санаймыз, – деді Ержан Қазыхан.