Өзіңді алдама!
Жетістікке жету үшін бойыңда шынайылық деген қасиеттің болуы маңызды. Өтірік өрге басқан емес. Шынайылық қасиеті өзіңнің қолың жетпейтін жерді мойындап, бөспелікке салынбау үшін қажет.
Қолжетімділік деңгейін анықтау – жетістікке жетудің маңызды бөлігі. Аспандағы айға қол созғандардың жанбай жатып сөнгендеріне куә болып жүрміз. Алғашында қол жететін дүниемен айналыссаңыз, қарым-қабілетіңіз шыңдала келіп, уағында қолжетімсіз болған дүниемен айналысуыңызға болады. Яғни, биік шыңдарға сатылап жеткен жөн.
Бұл туралы өте үлкен жетістікке жетіп, әлемдегі миллиардерлердің қатарына әлдеқашан еніп кеткен кәсіпкерлер де айтады. Мақсатты түрде барлық бастаманы бірінші сатыдан бастағаныңыз абзал. Бұл тез тоқмейілсіп қалмауға, әрбір істен ләззат алуға, күн сайын шабыттануға ықпал етеді.
Демек, өзіңді алдамағаның жөн. Сен нені іске асыруға қауқарлысың? Осы сұрақты өз-өзіңе қоя отырып, жылдамырақ іске кіріс.