Өзіңе сен!
Сенім, табандылық, еңбекқорлық – барлығы өз бойыңдағы қасиет. Оны қалай және қайда қолдансаң да еркіңде. Демек, өзің жететін жетістік жолында өзгенің қолына жалтақтамағаның абзал. Егер осыған үйрене білсең, болашақта да өз кәсібіңді өзің дөңгелетуге қабілетті боласың. Бұл – адамдарды өзімшілдікке итермелеу немесе насихаттау емес, керісінше, өз бетімен қарекет жасауға үгіттеу.
Қазіргі қоғамда адамдар біреуге арқа сүйеуді әдетке айналдырды. Дегенмен, арқа сүйер адамың қанша уақытбірге боларынан бейхабарсың ғой. Сондықтан, алдағы уақытта сол азаматтар жаныңнан жоғалса, далада қалмайтындай болып, өз бетіңмен барлығына шешім қабылдап, өз еркіңмен қарекет қылғаның абзал.
«Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген сөз бар халық ауызында. Адам қаншалықты ынтамен қимылдаса, бір жетістікке жеткісі келіп, нақты мақсаттарының артынан еңбек етсе, ол қалай да бір шыңды бағындырады. Өйткені, ешқашан да адамның маңдай тері,адал еңбегі далаға кеткен емес.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар. Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп өсиет қалдырғанекен уағында хакім Абай. Демек, сенің бар арқа сүйерің – бойыңдағы қуатың, еңбегің,ақылың. Бұдан өзгесінің бәрі далбаса. Өзіңе сен! Қолыңнан бәрі келеді! Тек еңбектен!