Жаңалық

Париж қаласындағы BULAC Шығыс тілдері мен мәдениеті институты кітапханасында Қазақстан әдебиеттері орталығы ашылады

Париж (Франция) BULAC Шығыс тілдері мен мәдениеті институты кітапханасында Қазақстан әдебиеттері орталығының салтанатты ашылуы өтеді. Бұл іс-шара «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын халықаралық деңгейде ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстыру аясында өтеді. Қазақстан әдебиеттері орталығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Франциядағы Қазақстанның Елшілігінің қолдауымен ашылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы халықаралық ЮНЕСКО ұйымының аясында өтетін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін «Қоғамдық сананы жаңғырту: қазақстандық жол және Н.Назарбаевтың үлгісі» конференциясына белсене қатысады.

Осы іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық акакдемиялық кітапханасы бірқатар мәдени іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

Қазақстан әдебиеттерінің орталығының салтанатты ашылуына Франциядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Жұмағалиұлы Дәненов, BULAC  Шығыс тілдері мен мәдениеті институты  кітапханасының директоры Maria-Lise Tsagouria ханым, Қазақстан Республикасының Ұлттық акакдемиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева, ЮНЕСКО және ИСЕСКО халықаралық ұйымдарының өкілдері, Қазақстанның қоғам мен мәдениет қайраткерлері және зиялылары, Франциядағы отандастарымыздың ассоциациясының өкілдері, Париждегі ЖОО-ның студенттері қатысады.

BULAC кітапханасы Шығыс тілдері мен мәдениеті институтының ғимаратында орналасқан. Бұнда құжаттар, кітаптар, баспасөз, монографиялардың және т.б. аса бай қоры сақталған. Кітапханада шығыс тілдерін зерттеу және оқу, сонымен қатар Океания, Азия, Африка және тағы басқа материктер өркениетін зерттеу бойынша мәліметтердің қоры бар. Сонымен бірге, әлем елдерінің тарихы, саясаты және экономикасын зерттеуге көп көңіл бөлінеді.

Осы орайда, Қазақстан әдебиеттері орталығының ашылуы шығыс тілдері мен мәдениеті институтының профессорлық-оқытушылық құрамына қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен оның экономика, саясат, әлеуметтік салаларындағы табыстарын көпшілікке таныстыруға жол ашады.

Орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, соның ішінде, оның әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптары, тарих, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеті  бойынша 200-ге жуық кітаптар ұсынылады. Бұл кітаптар француз оқырмандары арасында үлкен қызығушылыққа ие болып, қазақтың бай мәдени мұрасын тануға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

2017 жылдың 17 қазаны сағат 15.00-де «Қоғамдық сананы жаңғырту: қазақстандық жол және Н.Назарбаевтың үлгісі» конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық акакдемиялық кітапханасы ЮНЕСКО штаб пәтерінде «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты кітап көрмесін ашады.

Көрменің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының: «Латын әліпбиіне көшу», «Жаңа гуманитарлық білім», «Туған жер», «Қазақстаның киелі географиясы», «Жаһандану заманындағы Қазақстанның заманауи мәдениеті», «Жүз жаңа есім» негізгі бағыттарын насихаттау. Сол арқылы қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін, тарихи жерлерін және  Тәуелсіз Қазақстанның даму жолын кезеңдер бойынша көпшілікке таныту.

Кітап көрмесі 4 негізгі тараудан тұрады, олардың әрқайсысы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың еңбектері, сирек және  бірегей баспалар, латын әліпбиіндегі баспалар, қазақ және қазақстандық ақын-жазушылардың, оның ішінде Абайдан бастап заманауи қазақ проза мен поэзиясына дейінгі туындылар арқылы таныстырылады.

Латын әліпбиіндегі 1929 және 1940 жылдар аралығында жарық көрген кітаптар бөлек бағыт бойынша ұсынылады. Бұнда тұңғыш латын әліпбиі графикасындағы тіл ғылымы туралы зерттеулер, Абай шығармалары, Ахмет Байтұрсынұлы және Сәкен Сейфуллин сынды репрессия құрбаны болған қайраткерлердің туындылар болады.

Көрмеде 100-ге жуық ағылшын, француз, қазақ тілдерінде және латын әліпбиіндегі кітаптар ұсынылады.

2017 жылдың 17 қазанда, сағат 18.00-де Шығыс тілдері мен мәдениеті институтының BULAC кітапханасында белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімнің қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы  Әуезовтің 120-жылдығына орай жарық көрген «Кемеңгер Мұхтар» кітабының тұсаукесері өтеді. Бұл кітап – өзіндік ғылыми-әдеби зерттеу және Абай, Мұхтар Әуезовтің ғұмыр кешкен дәуіріне және тәуелсіздік кезеңіне тарихи барлау. Туындыда «Абай жолы» романына философиялық талдау жүргізіледі. Кітап қазақ тілінде жазылған.

Келесі тұсауы кесілетін туынды Бақытжан Қанапияновтың француз тілінде басылған «Обратная перспектива» кітабы. Бақытжан Қанапиянов – қазақ ақыны, жазушы, аудармашы, сценарист, 14-ке жуық өлең жинағының авторы, оның ішінде, «Тікшырау»,  «Каникулы кочевья», «Смуглая луна» және т.б. Оның есімі поэзия оқырмандары арасында кеңінен танымал, өлеңдері алыс және жақын шет елдердің 10 тіліне аударылған. Жинақта әртүрлі жылдарда жазылған туған өлке, замануи қала сипаты, туған жерге махаббат тақырыбындағы өлеңдер енген.

Сонымен қатар, тұсаукесерде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлық бағытта қызмет атқаратын, әлемдік электронды кітапханалармен ықпалдасуға мүмкіндігі бар Қазақстандық электронды кітапханасының (ҚазҰЭК) таныстырылады.

Іссапар барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық акакдемиялық кітапханасының құрметті қонағы болған Франция Парламентінің сенаторы Алена Неридің жеке кітапханасымен танысу жоспарланып отыр. Ален Нери сирек және құнды баспаларды жинақтайтын библиофил ретінде танымал. Кітапхана француз тіліндегі фрацуздардың тарихы, мәдениеті, дәстүрі туралы жазылған бірегей баспаларды қамтиды. Француз саясаткерінің қорында қолжазбалық баспалар, көне кітаптар, әлем тілдеріндегі әдәбиеттер бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button