Жаңалық

Базарлық әкелу – сыйластықтың белгісі

Ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз – салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көпшілікке насихаттауды жалғастырамыз. «Дәстүр» айдарының бүгінгі тақырыбы – «базарлық» салты.

Базарлық дәстүрі жайлы не білесіз, несімен ерекшеленеді?

Алыс жерге, басқа қалаға не елге болмаса базарға барып, сауда жасап келген адамның жақынына әкелген сыйын «базарлық», – деп атайды. Сапарлап келген жолаушыдан оның туыс-бауырлары мен дос-жарандарының «маған не әкелдің, қандай сыйлығың бар?» – деп сұрауына толық құқысы бар. Дәстүрдің ерекшелігі де осында.

Базарлыққа қандай сый-сияпаттың түрлері беріледі?

Базарлық – сонау көне заманнан қалған, қазақ деген ұлт жер бетінде пайда бола бастаған уақыттан бері келе жатқан салт. Орта ғасырларда екі-үш жолаушы бірігіп, түйе не жылқымен ауылдан қалаға базарға барған. Ол кездерде ауылдан шыққан адамды күтудің өзі бір өзгеше қызық құбылыс. Себебі үлкен сауда орны кез келген жерде тұра бермеген. Тек көптеген ауылдарға ортақ, белгілі базар немесе белгілі бір маусымда ұйымдастырылатын жәрмеңкелер болған. Мысалы, атақты «Қоянды», «Қараөткел» жәрмеңкелері. Бұл сауда орындарында бір заттың түрі ғана емес, сан алуан дүниелер сатылымға шыққан. Шығыс пен Батыс және де көршілес Ресей елдерінен келген ірі саудагерлердің жұмысы әркез қызу үстінде болады. Жібек маталар мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар және әртүрлі жеміс-жидектер мен тәтті тағамдар. Міне, орта ғасырдың қысқаша көрінісі осылай. Бүкіл ауыл-аймақ болып жаңағы үш сапаршыны тапжылмай, тағатсыздана күтеді. Ал әлгілер барша таныс адамға кішкене болса да базарлық сыйлығын әкеледі. Қазақтың бір қасиеті – кісінің көңіліне қарауы. Сый-сияпат алмаған адам «маған ештеңең жоқ па, қаладан не әкелдің», – деп сұрай қойса, бірден қолындағы барын сыйлай салады. Бұл ілтипат – үлкен сыйластықтың, адал достықтың белгісі.

Базарлыққа қалаған затты сыйлауға болады. Өткен ғасырларда базарлыққа шығыстың саударгерлерінен алған сан түрлі әшекей бұйымдар, жібек маталар, киім-кешектер және т.б заттар берілген.

Базарлық қазіргі кезде де күшін жойған жоқ, қайта артты. Тек жаңа ғасырда жаңаша форматқа ауысты. Бұл да бір жаһандану әлеміндегі заманауи бетбұрыс. Қазіргі таңда базарлыққа берілетін сыйлықтар да өздігінше өзгеше. Мәселен, бөтен мемлекетке саяхаттап келген жолаушы ағайын-туысы мен жора-жолдастарына сол елді танытатын символикалық бұйымын әкеледі. Болмаса күнделікті базарға барған адам да үйіндегі ата-анасы мен бауырларына қалауынша сыйлықтар сатып алады. Мысалы балаларға ойыншық, киімдер алады және т.б.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай ғана түйіні, базарлық – жай ғана жылылықты, сыйластықты, ақ пейілді білдіретін дәстүр. Кейбіріне бұл қолында барын шашу сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда мұның түбінде үлкен тәрбиелік мән бар. Біреуге сый беру арқылы екеуара қарым-қатынасыңды нығайта түсесің, достыққа, сыйластыққа сызат түспеуге себеп болады.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button