Павлодар облысында «Кітап оқып, рухани бай бол!» сайысы қорытындыланды
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Білімнің салтанат құруы» бағытында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет».
Н.Ә. Назарбаев
Оқу мәдениетін дамыту және қолдау, халық арасында үздік, көркем әдеби шығармаларын кеңінен тарату мақсатымен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Кітап оқып, рухани бай бол!» сайысын жариялаған болатын.
2019 жылдың 10 желтоқсанында С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында аталған сайыстың қорытынды кезеңі өтті.
Байқауды «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесі мен Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірігіп ұйымдастырды. Қазылар алқасының құрамына Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Ж. Аймауытов атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртісі Рауза Тәжібаева, «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, «Звезда Прииртышья» газетінің бас редакторы Владимир Долгушев, журналист, блогер Ризабек Исабеков және С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоғаммен байланыс секторының басшысы Алпысбай Хонж кірді.
Аталмыш іс-шара 2 кезеңнен тұрып, облысымызда осы жылдың 15-ші қазанында басталды. Талаптар бойынша І кезең әлеуметтік желілерде эстафета форматында өткізілді. Қатысушылар өзі таңдаған кез келген шығармадан үзіндіні мәнерлеп оқып, инстаграм немесе фэйсбуктегі жеке парақшасында жариялауы қажет еді. Барлығы 22 қатысушы өз бақтарын сынады.
ІІ кезеңге әлеуметтік желіде ең көп лайктар мен репост жинаған 10 қатысушы өтті. Ең белсенді қатысқан Инновациялық Еуразия университеті мен Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледж болды.
ІІ кезең дебат түрінде өтті. Әділ қазылар алқасының бірлесе таңдаған шығармалар тізімінен Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы таңдалды. Дебаттар алдындағы жаттығу ретінде барлық қатысушылар осы шығарма бойынша блиц-сауалнамаға қатысты. Қатысушылар жақтаушы және даттаушы жақ болып екі топқа бөлініп, пікірталасқа түсті. Қатысушылардың мақсаты – өз кейіпкерінің мотивациясын түсіну және оның позициясын сақтау.
Сайыс соңында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Ж. Аймауытов атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртісі Рауза Тәжібаева мен «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев іс-шара туралы пікірлерін білдіріп, қатысушыларды құттықтады.
Әділ қазылар алқасының шешімімен «Көркем сөз шебері» номинациясымен жүлделі І орынға Әділхан Қуандық, «Ұшқыр ой» номинациясымен ІІ орынға Аружан Тлен, «Саңлақ спикер» номинациясымен ІІІ орынға Дильназ Шаймерден ие болды.
Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Жүлдегерлерге «Марвин» кітап дүкені ұсынған ақшалай сертификаттар табысталды. Ал ІІІ орын иегері С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесі атынан ақшалай сыйлыққа ие болды. Барлық қатысушыларға кітаптар сыйға беріліп, алғыс хаттар табыс етілді.
Павлодар облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі