Жаңалық

Павлодарда Абай Құнанбаев ескерткіші ашылды

Бүгін қазақ халқының ұлы ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақтың жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Павлодар қаласында Абай Құнанбайұлының ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. 

Ескерткішті салтанатты түрде ашу құрметі облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовқа, арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар, елімізге белгілі абайтанушы, академик, философ Ғарифолла Есім, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, атақты опералық әнші Шахимардан Әбілев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеевке бұйырды.

Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату үшін ақсақалдар мен өлкетанушылар шешіміне сәйкес Павлодар қаласындағы Қ.Сәтбаев көшесі, 49 облыс әкімдігі ғимаратының алаңы таңдалды (облыстық әкімшіліктің алдында).

Айта кететін жайт, өңірдің бұқаралық ақпарат құралдарында Абай Құнанбаев ескерткішінің үздік эскиздік жобасына байқау жарияланған болатын. Павлодар облысының тарихи-мәдени мұрасын қорғау және пайдалану жөніндегі комиссия хаттамасының негізінде үздік эскиздік жобалар іріктеліп, жеңімпаздарды анықтау үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне жолданды.

Қазақстандағы монументалды өнердің жаңа ғимараттарын орнату жөніндегі комиссияның хаттамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Асқар Нартов жеңімпаз болып танылды.

Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыр тасы граниттен жасалған. Абай мүсінінің жалпы биіктігі 10,25 метр. Оның ішінде мүсіннің биіктігі – 5,25 метр, тұғырының биіктігі 5 м. Тұғырда «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» деген жазу бар.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button