Павлодарда Достық үйінің алаңында алты қанатты ақ шаңқан киіз үйі орнатылды

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ және «Ертіс-медиа» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған Наурыз мерекесіне қала тұрғындары көптеп жиналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары қонақтарға «Армысың, әз Наурыз!» мерекелік бағдарламасын ұсынды.
Алдымен «НҰР – Ана әлемі» этномәдени бірлестігінің «Ару Ана» вокалдық тобы ән салып, шашу шашып, мерекенің сәнін келтірді. Одан соң ҚХА этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары «Қазағым-ай», «Туған жер», «Қазақ жүрегі», «Отаным» деген әндерді орындап, «Қазақ биін» биледі.
Мерекеге келушілер де қарап тұрмай өнерпаздармен бірге би билеп, ән шырқады. Жиналғандарға ыстық жаңа піскен бауырсақ, дәмді палау мен шай таратылды. Мереке бағдарламасында ойындар, викториналар өткізіліп, жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар табысталды. Іс-шара соңында қонақтар мен әртістер бірігіп, «Қара жорға» биін орындады.