Жаңалық

Павлодарда халықаралық музыкалық байқау өтеді

«Жібек жолы» фестиваль-конкурсына қатысу үшін Керекуге тоғыз елдің жас музыканттары келеді

Фестиваль-конкурс 23-27 ақпан аралығына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылады.  Музыкалық бәйгеде астаналық өнерпаздар Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Литва, Грузия, Әзірбайжан мен Түркия елдерінен келетін 700-ден астам күміс көмей әншімен тізе қоса өнер көрсетіп, мол тәжірибе жинамақ.

Байқау ұйымдастырушыларының бірі «Өнер саласында ЕуроАзиаттық кеңістікті қолдау қоры» ҚҚ директоры Екатерина Горшкованың айтуынша, конкурс өнер саласындағы Жастар жылының шымылдығын ашады.

– Байқау 7-25 жас аралығындағы әншілерге арналған, – дейді Екатерина Горшкова. – Осылайша, біз Павлодарда өнер саласындағы Жастар жылын бастамақпыз. Барлығы 721 қатысушы өнер көрсетеді. Оның ішінде 43 ансамбль бар. Биылғы конкурс екінші мәрте өткізілмек. Былтыр Павлодар музыкалық колледжінің негізінде атақты композитор Сергей Рахманиновтың 125 жылдығына орай «Жүректен шыққан музыка» атты байқау өткізілген еді. Оған 125 конкурсант қатысқан болатын.

– Биылғы ән-күй байқауының қазылар алқасына атақты педагогтар, музыканттар мен профессорлар, жалпы саны 34 адам кіреді, – дейді Екатерина Горшкова.

– Осыдан-ақ конкурстың қаншалықты ауқымды екендігін көруге болады. Жобаның көркемдік жетекшісі Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Тимур Урманчеев. Конкурстың құрметті сарапшысы Грузияның Батуми қаласындағы музыкалық орталықтың директоры Георгий Микеладзе болмақ. Байқау қатысушыларының өнері бес негізгі және тоғыз кіші номинациялар бойынша бағаланады. Олардың ішінде «Фортепиано», «Шекті аспаптар», «Үрмелі аспаптар», «Академиялық вокал» мен «Халық музыка аспаптары» атаулары бар. Ауқымды музыкалық жоба қаламыздағы бірнеше концерттік сахналарда бір уақытта өтеді. Гала-концерт 27 ақпан күні Естай атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізіледі.

Айнұр Нұрманғалиева, RUH.KZ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button