Жаңалық

Педагогикалық технологияларды тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді

Бүгін «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» онлайн курсында «Интерактивті сабақта педагогикалық технологияларды тиімді қолдану» тақырыбында тыңдаушыларға маңызды мәліметтер ұсынылды.

Онлайн дәріс баяндамашысы Қазақ технология және бизнес университетінің қауымдастырылған профессоры Сәбира Сапина жаңа технологияларды таныстырып, тиімді пайдалану тетіктерін көрсетті.

Ол тіл үйренушілерге алдымен тіл үйренудегі негізгі проблеманы анықтауға мүмкіндік туғызу арқылы олардың белсенді түрде өз беттерімен мәселелерді шешуге мән беру қажеттігін көрсете отырып, проблемалық оқыту технологиясына тоқталды. Мәселен, алдымен кезекті тақырыпты анықтауға мүмкіндік тудыру үшін тіл үйренушілерге 2 күрделі сын есім, 5 үстеу және 7 есімдік атаулары ұсынылды. Содан кейін берілген сөздер арқылы топ-топ болып әңгіме құрастырумен қатар оған тақырып пен жанр таңдауға тапсырма берілді. Осы кезеңнен бастап проблеманы шешу кезеңі басталып, тіл үйренушілер бүгін қандай тілдік элементті үйренгелі тұрғандарын өздері анықтайды.

Үшінші кезеңде проблеманың шешімін қолдану кезеңінде практикаға басымдық берілді. Тіл үйренушілер өздері қол жеткізген тілдік элементті енді күнделікті тұрмыста тіл қолдануда іске асырып үйренеді. Тәсіл жалпы тіл үйренушіге іскерлік бағдар береді.

Аудиторияға осы тақырыпқа арналған түрлі көрнекі ақпараттар мен анықтамалар, қажетті материалдар ұсынылды. Тіл үйренушілер қажетті материалды өз беттерінше оқып, үйренеді. Нәтижесінде олардың ойлау қабілеттері дамып, шығармашылық іскерліктері мен дағдылары қалыптасады. Бүгінгі дәріс тіл үйретушінің өз бетінше ізденуі арқылы білімді бойына сіңіріп, оны өзгеге бере алу жолдарын көрсетті.

Онлайн дәріс барысында тыңдаушылар профессор С.Сапинаға сұрақтарын жолдап, тұшымды жауап алды. Тыңдаушылар онлайн курс мазмұны мен баяндамашының шеберлігіне ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, оқытушылар мен әдіскерлердің, тіл мамандарының біліктілігін арттыру курсы ҚР Мәдениет жән спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілуде. Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде басалған курс 10 сәуірге дейін жалғасады.

Онлайн курс facebook әлеуметтік желісінде #ONLAIN-da bol жобасы аясында тікелей эфирде (әр күн сайын сағат 11:00-11:35 аралығы) көрсетіледі.

Өткен дәрістерді https://www.facebook.com/groups/884732365309226/ сілтемеге өту арқылы көруге болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button