Жаңалық

Перовскідегі алғашқы мектеп

Патшалық Ресейдің отаршылдары Қазақстанның оң­түстік облыстарын басып алған соң бұл жерлерде түрлі әлеуметтік өзгерістер орын алды. Сырдың төменгі ағысында, атап айтсақ, Перовск уезінде отарлаушы елдің ықпалымен заманға сай оқу орындары ашыла бастады.

Орта Азия халықтарында білім беру саласы барлық мұсылман елдеріндегідей діни білім берумен тығыз бай­ланыс­ты болды. Сондықтан көптеген жергілікті мектептер – діни білім беру мекемелері еді. Олар екі деңгейге бөлінеді, төменгі деңгей «мектеп», жоғары деңгей «медресе» деп аталатын. Сырдария облысына қарасты Кіші, Орта, Ұлы жүз қазақтары отырықшыл оңтүстік Түркістан халқымен тығыз байланысқа келді. Бұл қазақ халқының білім алуына үлкен әсер етті. Бұрынғы татарлардың дала халқына деген діни ой-ықпалы шеттетіліп, Бұқара, Ташкент, Самарқанның медреселерінен шыққан ишандар және дінді уағыздаушылар халыққа  білім беру саласын өз қолдарына ала бастады. Бұған орыс әкімшілігі тарапынан қарсылық туған жоқ.

Перовскіде ең алғашқы мектеп 1860 жылы 14 сәуірде діни қызметші Андрей Евграфович Маловтың пәтерінде ашылған. Прапорщик Батаршин және юнкер Давыдов Маловтың ақысыз көмекшісі болды. Алғашқыда мектепте 6 ер бала мен 9 қыз бала білім алған. Онда оқу, жазу және арифметика оқытылған. Мектептегі оқу табыстары айтарлықтай жоғары емес. Ешқандай оқулық жоқ, 30 шақты үйреткіш-әліппе ғана болған. Алғашқыда білім беру жұмысы сәтсіз басталды. Смирновтың мәліметі бойынша Қазалы мектебі жұмыс жасаса да 1860-1865 жылдары оқу бағдарламасын бірде-бір бала бітірген жоқ. Ал Перовск мектебін 1863-1870 жылдары бар болғаны 5 бала бітірді. Оның негізгі себебі – мұғалімдердің сауаты. Мектеп ісімен таныс емес әкімшілік қыз­меткерлері мұ­ға­лімдерді  қадағаламады. 1862 жылы мектепте 13 орыс пен 2 қазақ ер бала және 4 қыз бала оқыған. Мектеп ашылған күннен бастап 1863 жылдың қазан айына дейін, 43 ер және 19 қыз бала оқыған, олардың ішінен курсты бітіргені 2 ұл мен 2 қыз бала болды.

Қазақ балалары үшін мектеп 1863 жылы 6 желтоқсанда ашылды. Мектептің ашылуына көптеген танымал қазақ азаматтары қатысқан. Ашылуда полковник Веревкин құттықтау сөз сөйлеген. Мектеп сабақтары 29 оқушыға, оның ішінде 16 қазаққа басталды. Қазақ оқушылары үшін мектеп жанынан 25 адамға арналған пансион болған. Алғаш мектеп ашылғанда қазақтар да, орыстар да бұл мектептің болашағы жоқ деп ойлады.  Қазақтар бұл іске бұрын кезікпегендіктен сенбесе, орыс­тар қазақ мұғалімдерінің жұмыс істегенін көріп сенімсіздік танытты.

1870 жылы 16 наурыздағы ережеге сәйкес мұсылман оқу орындарына қатаң бақылау орнатылып, Н.Ильминскийдің жүйесі енгізілді. Бұл ережеге сәйкес, мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндеттеді. Мектеп пен медреселерді ашуға орыс тілді мұғалімдер болған жағдайда ғана рұқсат берілді. Ауылды жерлердегі мектептер, көшіп жүргендіктен, сабақ жаз айларында киіз үйлерде, ал қыста жер үйлерде оқытылған. Оқу мерзімі 5-8 жылға созылып, 8 бен 17 жас аралығындағы балалар дәріс алған. Бұл оқу орындарындағы басты пән құранды жатқа үйрету болғандықтан «Иман шарт», «Шариғат ул иман» сияқты діни кітаптар оқытылды. Мұсылман мектептері мен медреселерін Орынбор мүфтилігі де тікелей қадағалап отырды.

1878 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1863 жылы ашылған мектептің атауы қалалық екі класс­тық училище болып өзгеріп, қазынадан жылына 2190 рубль бөлінді. Ал, 1884 жылы қайтадан үш кластық қалалық училище болды. 1891 жылы училище жанынан ағаш ұсталығы сыныбы ашылды, кейіннен етікшілік пен қол еңбегі қосылды. Аз уақыт ересектерге арналған кешкі сыныптар да ашылды, бірақ білім алатын адам санының тым аз болуына байланыс­ты 1891 жылы жабылып қалды.

Е.Смирнов оқу орындары туралы былай деген: «Мектептер мен медреселердің ішкі және сыртқы кейпі қарапайым. Негізінде бұлар бір бөлмелі, терезе орнына бірнеше есігі бар мешіт жанында орналасқан кішкентай ғимарат. Жазда барлық есіктері ашылып қойылады, ал қыста негізгі есігі ашылып қойылады, ал қалғандары қағаздар жапсырылған рамалармен жабылады. Бұған қоса кейде тамның төбесінен жарық түсетін және ауа кіретін тесік қалдырылады. Жазда есіктердің ашық болуына байланысты бөлме іші жарық болса, қыс мезгілінде қараңғылау болады, бұл қараңғылық  жергілікті үйлердің бәріне тән. Бөлменің еденіне  бірнеше қатар бөренелер қойылады, бұл бөренелер парта орнына пайдаланылады. Ортада мұғалім отырады. Бөлменің  еденіне қамыс­тан тоқылған текемет я сабан төселеді. Жоғарыда айтылған мектептер жақсы мектептер болып саналады, алайда  көптеген  мектептер мұғалімдердің  жеке иә жалдамалы үйлерінде, мешіттерде уақытша жасалған шатыр астында орналасады. Мұғалім болу үшін арнайы білім керек емес, сауаты болса болды. Жартылай көшпенді ауылдарда мектепті ишандар өз қолдарында ұстап, діни үгіт жұмысын бірге жүргізеді».

Сырдың оңтүстік далаларында жайғасқан халықты 1885 жылдары Түркістанның оңтүстігінен келген мұсылман діндарлары бірте-бірте өз қанаттарының астына ала бастады. Осының нәтижесінде ­қазақ-орыс мектептерінде тек кедейлердің балалары қалды. Ал сұлтандардың, рубасыларының және ауқаттылардың балалары білімді Орынбордан, Тройцк­те орналасқан татар мектептерінен, Перовск қаласындағы сарттардың және татарлардың мектептерінен немесе үйден оқытатын мұғалімдерден және ауылмен бірге көшіп жүрген имамдардан, молдалардан алды. Перовск уезінде 1885 жылы 1488 оқушысы бар 438 көшпенділер мектебі болған, орташа алғанда әр мектепке 3 оқушыдан келген. Жергілікті оқу орындары 1892 жылмен салыстырғанда біршама өсіп, білім алушылардың саны да едәуір көбейген. Перовск қаласындағы жалпы білім алушылардың 77,45%-і ер балалар болды. Білім алушылар қала  халқының 3,8%-ін құрады. Бұл облыстың басқа уездерімен салыстырғанда едәуір жақсы деңгей еді. 1893 жылы 1 наурыздағы бұйрық бойынша, оқу мерзімінде бастауыш мектептердің әр шәкірті 3 сом 50 тиыннан, ал жоғары мектептің шәкірттері 7 сом ақы төлеуі тиіс болды. 1889 жылғы мәлімет бойынша Перовск уезіндегі ата-аналар молдаға жылына бір түйе және әр оқушыға айына 30 тиыннан төлеген. Кейде молдаға басқа да сыйлықтар беріліп отырды.

1898 жылы Түркістан генерал-губернаторының бұрынғы көмекшісі Ивановтың төрағалығымен құрылған комиссия өлкенің барлық облыстарындағы мұсылман мектептерін, облыс­тық және уездік әкімшіліктің қарамағына тіркеу, бақылауды қолға ала бастады. 1899 жылы Түркістан генерал-губернаторының жергілікті әкімшілікке барлық мұсылман мекемелерін – мектептерді, мешіттерді, мазарларды, сондай-ақ олардың мүліктерін анықтауды, тұратын жерін, ондағы  ұстаздар мен ишандардың тізімін жасауды бұйырды.

Сырдария облысында білім беру, оқу-ағарту ісі көбінесе отарлаушы елдің ықпалында жүргізілді. Алайда, көшпелі халықтың сауаты жоғарылағанын көруге болады.

Қуандық  ҮСЕНБЕКОВ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button