Жаңалық Редакция таңдауы

Петропавл қаласында «Референдум 2022: саяси жүйені либерализациялау» тақырыбында «Sarap» отырысы өтті

5 мамыр күні Петропавл қаласында «Референдум 2022: саяси жүйені либерализациялау» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

29 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.

«Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырысқа қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, СҚО облыстық мәслихатының депутаттары және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Отырысқа қатысушылар Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді талқылады. Атап айтқанда, Президенттің өкілеттігі, оның қызметіне байланысты шектеулер; Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерінің саяси партиялардан шығуы; Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі мен функциялары, мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі және т. б. Сонымен қатар дауыс беру қорытындылары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қалай әсер ететіндігіне талдау жасалды.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгелдинов модераторлығымен өтті. Ол отырыс тақырыбын жария етіп, Қазақстанда республикалық референдумға толыққанды дайындық басталатынын атап өтті.

 «ҚХА сессиясында Мемлекет басшысы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жалпыхалықтық дауыс беруге шығаруды ұсынды. Бүгінде елімізде саяси жүйе ауқымды түрде либерализациялануда. Мемлекет пен қоғам арасында Негізгі Заңмен айқындалатын жаңа қатынастар қалыптасуда. Сондықтан, халықтың өзі бұл таңдауды Референдум арқылы жасағаны дұрыс болады. Халықтың өзі референдум арқылы демократияландырудың осындай векторы туралы шешім қабылдауы өте маңызды. Алдағы өзгерістер көптеген салаға еліміз үшін айтарлықтай оң нәтиже береді деген ойдамын», – деді Қазбек Майгелдинов.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысушыларды құттықтай отырып, референдум өткізу жан-жақты демократияландыру бағытын нығайтатынын атап өтті:

«Бұл тек саясат үшін ғана емес, геосаясат үшін де, бүкіл әлем үшін де назар аударатын оқиға.  Қазақстан халқы Конституцияның негізгі баптарын өзгерту туралы шешім қабылдай алатындығы өте маңызды. Президент айтқандай, заң, әділеттілік пен тәртіп біздің гүлденген өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады. Сонымен қатар Жаңа Қазақстанды барлық өзгерістердің заңнамалық бекітуінсіз құру мүмкін емес».

Отырыс барысында ҚҚДИ басшысына жаңа «Ұлттық құрылтай» қоғамдық институтына қатысты сұрақ қойылды.

«Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Оның құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, құқық қорғаушылар, сарапшылар мен белсенділер кіреді. «Ұлттық құрылтай» қоғамдық диалогтың бірыңғай институционалдық моделін қалыптастырады. Ол билік пен халық арасындағы өзара қатынасты күшейтеді», – деді Қазбек Майгелдинов.

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына «Ақ жол» партиясы атынан сайланған депутат Евгений Кинцель, депутат ретінде ол үшін маңызды Конституциядағы өзгерістерді атап өтті:

«Бұрын Президенттің белгілі бір партияның Төрағасы болуы басқа партияларға қолайсыздық тудыратын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Amanat» партиясынан шығу туралы шешімі көпшілікті қуантты. Мәслихаттарға әкімдердің бірнеше кандидатурасы ұсынылатыны да біз үшін маңызды».

Депутат мәслихат баламасыз кандидатураны мақұлдап қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өз бағдарламасын ұсынатындардың ішінен таңдай алатындығын атап өтті.

Саясаттанушы Самат Нұртаза өз сөзінде референдум өткізу – уақыт талабынан туындаған қажеттілік екенін айтты.

«Референдум – уақыт талабы. Мемлекет басшысының қоғамды либерализациялау және демократияландыру туралы шешімі Конституцияға түзетулер, Президенттік өкілеттікті шектеу түрінде айқын көрініс алуда. Біздің қоғам референдумның тарихи маңыздылығын түсінетініне және еліміздің саяси өміріне атсалысатындығына сенімдімін», – деп өз сөзін қорытындылады.

Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық азамат өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі өте маңызды. Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Владимир Витченко осындай пікір білдірді.

«Референдум – ткілей демократияның маңызды институты. Ол билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін оңтайландыру және халықтың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуы мақсатында жүзеге асырылады. Жалпыхалықтың еркін білдірудің бұл түрі ең әділ болып табылады. Бұл процеске еліміздің әрбір тұрғыны атсалысуы керек».

«Демократиялық қағидаттардың іске асырылуы жаңа деңгейге өтуде. Конституциялық реформаға сәйкес облыс әкімдері Мемлекет басшысының бірнеше кандидатурасы және барлық деңгейдегі депутаттардың дауыс беруі негізінде таңдалады. Яғни, облыстық мәслихаттың ғана емес, аудандар мен қалалардың депутаттары да дауыс беруге қатыса алады» – деді саясаттанушы Дина Айкенова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button