Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы керек
«Мәртебелі поэзия мінберінің» төрінде ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы болды.
Жиынға келушілер алдымен «Отырар» кітапханасының екінші қабатындағы қаламгердің шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалады. Ақынның «Жібек» атты кітабын өзбек тіліне аударған Сағатай Камалқызы мен Зокиржан Моминжанов, Абдугаппар Абдурауовтар сөз алып, кеш иесіне құттықтау лебізін білдірді.
ОҚМПУ студенттері Ханбибі Есенқарақызының жырларын оқыды. Шымкент қалалық мәдениет үйінің әншілері ақынның сөзіне жазылып, халық арасында кеңінен танылып кеткен «Нүрикамал», «Алтынай» секілді әндерді орындады.
Ал ҚР мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаева кеш иесінің «Дос іздедім» деген өлеңіне жазылған әнін орындап берді. Ақын Ханбибі Есенқарақызы Абай Құнанбайұлынан теріп алған өлеңдерімен қатар «1997 жыл. Қыс» сияқты өлеңдерін оқыды. Абайды поэзияның пайғамбарына теңеді. Сонымен бірге «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы керек» дегендей пәлсапалы ойларын да жеткізді.