Жаңалық Редакция таңдауы

Прагада қазақ-чех музыкалық кеші өтті

Фото: СІМ

Прагада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және Қазақстан мен Чехия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай қазақ-чех музыкалық кеші өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Чехия Музыкалық өнер академиясының Богуслав Мартину залында өткен іс-шарада домбырашылар студенттік ансамблінің сүйемелдеуімен танымал қазақстандық виолончелист Эльдар Сапараев, сондай-ақ чех пианисті Мартин Маректің сүйемелдеуімен көрнекті чех баритоны Филипп Банджак өнер көрсетті.

Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан мен Чехия арасындағы достық байланыстарды нығайтуда мәдени дипломатия маңызды екенін атап өтті. Осы орайда, ол мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге және өзара мәдени баюға ықпал ететінін айтты.

Сондай-ақ Елші чех серіктестері мен Чехияда білім алып жатқан қазақстандық студенттерге осы іс-шараны дайындауға және өткізуге белсенді ат салысқандарына алғысын білдірді.

Музыкалық кеште Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Қуат Шілдебаев, Хамит Шаңғалиев, Антонин Дворжак, Богуслав Мартину, Себастьян Бах және т.б. қазақ, чех және шетелдік композиторлардың шығармалары шырқалды.

Чехиялық көрермендер белгілі қазақ әуендерін орындау кезінде домбыраның виолончельмен үйлескен ерекше үнін жоғары бағалады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button