Президент медалін кім алды?
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «BIZ BIRGEMIZ» онлайн-форумы өтті.
Форумға республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыс орталықтары онлайн қосылды.
Іс-шараның мақсаты: білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға жақында бекітілген «Халық Алғысы» медалін тапсыру, коронавирус пандемиясымен күрес кезінде ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттау.
Форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейне хабарламасымен ашылды.
«Коронавирустың таралуы күшейіп келеді. Біздің еліміз коронавирус шабуылына ұшыраған жалғыз ел емес. Төтенше жағдай режимі жойылғаннан кейін біз босаңсыдық, мұны мойындау керек. Кейбір азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлер қауіпті кезең өтті деп ойлады. Адамдар медициналық ережелер мен тиымдарды сақтауды доғарды », – деді Президент.
Оның айтуынша, көптеген қазақстандықтар «ауру жоқ» деген сияқты түрлі қауесеттерге сеніп, үлкен қателік жасауда, бұл дұрыс емес, COVID-19 әлі күнге дейін айтарлықтай қауіп төндіріп тұр.
Мемлекет басшысы «Biz Birgemiz» республикалық акциясына – COVID-19 таралуына қарсы күреске қатысқан еріктілердің қосқан үлесін атап өтті, сондай-ақ, Елбасының және жеке өз атынан ел өміріндегі осы қиын-қыстау кезеңде ерекше көзге түскен еріктілерге ризашылығын білдірді.
Форум жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің және басқа да мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қатысты.
Марапатталғандар алғыс сөздерін айтты. Олар қазақстандықтарды карантин режимін қатаң сақтауға және бірігуге шақырды, өйткені карантин нормаларын сақтау арқылы ғана біз коронавирустық індетті жеңе аламыз.
Жалпы алғанда, Қазақстанда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, сондай-ақ пандемиямен күрес саласындағы жемісті жұмысы үшін 343 адам медальмен марапатталды; оның ішінде: 60 дәрігер, 41 ерікті, 39 полиция қызметкері, 34 меценат, 30 әскерилер, 25 журналист, 20 білім беру өкілі, 18 мәдениет өкілі, 19 – «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 15 – әлеуметтік қызметкер, 4 – коммуналдық қызмет өкілі, 38 – мемлекеттік қызметкер.
Бүгінгі «Біз біргеміз» онлайн-форумы аясында 165 адам марапатталды.