Жаңалық Редакция таңдауы

Президенттік сайлау елімізді топтастырудың маңызды факторына айналуы тиіс

Алдағы президент сайлауы еліміздегі ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне айналуы тиіс. Бұл туралы Ерлан Қарин өзінің Telegram желісінде жазды.

«Мемлекет басшысының 20 қарашаға Президент сайлауын тағайындау туралы Жарлығы жаңа сайлау циклын бастады.

Президент сайлауын өткізу бастамасы соңғы үш жылдағы саяси қайта құрулардың қисынына толық сәйкес келеді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа, теңгерімді тәртібін қамтамасыз етті. Ал жаңа үлгіні іске қосу үшін бүкіл саяси жүйені, соның ішінде Президент, Парламент, Үкімет, мәслихат сияқты мемлекеттің негізгі институттарын қайта іске қосу қажет», – деп жазды Е.Қарин.

Мемлекеттік хатшының айтуы бойынша, алдағы сайлау науқаны туралы пікірталастар саяси ортада көптен бері жүріп жатыр. Бірқатар сарапшылар көктемде кезектен тыс сайлау өткізуді жақтаған болатын.

Ағымдағы сайлаудың ерекшелігі алдағы сайлау науқандарының барлық кестесін алдын ала жариялау болды.

«Президенттік сайлауды Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойылғанға дейін бір айға жуық уақыт бұрын жариялады, ал бұған дейін барлық кезектен тыс сайлауды өткізу күні туралы жарлыққа қол қойылған болатын. Бұл уақыт алдағы науқанды кең қоғамдық талқылауға ғана емес, әлеуетті қатысушыларды алдын ала дайындауға да жеткілікті болды. Заң бойынша сайлау тағайындалған күннен бастап екі ай ішінде өтеді, бірақ іс жүзінде бүкіл науқан үш айға созылады», – деп түсіндірді Е.Қарин.

Оның айтуы бойынша, қоғамның біртұтастығы, мемлекеттің тұрақтылығы, елдің кез келген ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауап беру мүмкіндігі тек бірқалыпты және тұрақты саяси жүйе жағдайында ғана қамтамасыз етіледі. Сондықтан геостратегиялық тұрақсыздықтың күшеюі жағдайында алдағы президенттік сайлау елімізді ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңі алдында топтастырудың маңызды факторына айналуы тиіс.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button