Жаңалық Редакция таңдауы

Президенттің Тәжікстанға сапары: қандай келіссөздер жасалды?

Мемлекет басшысының Тәжікстан Республикасына жұмыс сапарының бірінші күні аяқталды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Ақорда

Душанбе қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Кездесу барысында екі ел басшылары келіссөздер жүргізді.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен перспективасын, сондай-ақ бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Кездесуде сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Екі ел басшылары стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға өзара ниетті екенін растады. Сонымен қатар президенттер өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.

Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне қатысты. Сондай-ақ жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде саммиттің, шын мәнінде, маңызды жиын болатынына, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың даму қарқынын айқындайтынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Консультативтік кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін Қазақстанда өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне шақырды.

Сапар аясында Мемлекет басшысы аймақ мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне орай ұйымдастырылған Орталық Азия тауар өндірушілерінің көрмесіне барды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және V Консультативтік кездесуге қатысқан ел басшылары «ЭКСПО Орталық Азия – 2023» көрмесіндегі Қазақстан экспозициясымен танысты. Алаңда металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика, құрылыс индустриясы, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және басқа да салалар бойынша 130-дан астам кәсіпорынның өнімдері қойылған.

Көрме қонақтары отандық BARK Technology компаниясы әзірлеген жиілігі 20-320 Гц виброакустикалық толқын арқылы өкпені емдеуге арналған VibroLUNG бірегей қазақстандық медициналық аппаратына ерекше назар аударды. Бүгінде бұл аппаратты Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның, Беларусьтің, Панаманың, Біріккен Араб Әмірліктерінің және Сингапурдың жетекші клиникалары сатып алған.

Сонымен қатар көрмеге отандық өнім өндірушілер шығарған 40-тан астам көлік, оның ішінде 20 жеңіл автокөлік, 10 ауыл шаруашылығы техникасы, 7 арнаулы техника, 2 автобус және бронды әскери машиналар қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық павильон экспозицияларымен танысу барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстанның атынан отандық QazTechna компаниясы құрастырған мектеп оқушыларына арналған автобус және  VibroLUNG медициналық жабдығының 3 жиынтығын сыйға тартты.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button