Жаңалық

Профессор атағын сатып алуға бола ма?

Қазақстанда профессор дәрежесі – ғылым мансабының ең жоғарғы сатысы. Әдетте профессор ғылымның дамуына үлес қосып, белгілі бір салаға жаңалық әкелуі шарт. Профессор атану арқылы ғылыми бірлестіктер мен комиссияларға қатысуға болады. Бұл жалақының өсуіне де ықпал етеді. Десе де Қазақстанда профессор атағын алу барысында көптеген олқылықтар орын алған.

Оқу, білім жолындағы мансап жолы бірнеше кезеңнен тұрады: бакалавр, магистр, одан соң профессорлық-педагогикалық дәреже. Профессорлық-педагогикалық дәреже докторант, кандидат, доцент немесе ассоциативті профессор және профессор боп бөлінеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 38,5 мың адам профессорлық-педагогикалық дәрежеге ие.

Ғылыми дәрежелерге ие болу ережесі «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңының 4-бабы 15-тармақшасында жазылған. Осы Заңға сәйкес, профессор ғылыми атағын иелену үшін мына талаптарды орындау қажет:

1) Кемінде 5 (бес) жыл бойы ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып, 2 (екі) жыл университетте дәріс оқуы керек;

2) Белгілі бір ғылым саласы бойынша кемінде 28 (жиырма сегіз) ғылыми жұмыс жазуы тиіс, соның ішінде:

кемінде 20 (жиырма) ғылыми жұмыс комитет ұсынған басылымдарда;

кемінде 5 (бес) мақала Thomson Reuters ақпараттық базасына сәйкес (ISI Web of Knowledge, Thomson Reuters), Scopus тәрізді халықаралық ғылыми журналдарда жариялануы шарт.

3) 6 беттен асатын монография жарық көруі керек.

Профессорлыққа үміткерлерді Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тексереді. Соған қарамастан ғалымдарға «Академиялық әділдік» сыйлығын табыстайтын Almaty Management University-дің тәуелсіз комитеті бірнеше алаяқтық әрекеттерді анықтаған. Олқылықтардың көбісі 2-ші талап бойынша, ғылыми мақала мәселесіне қатысты орын алады. 2017 жылдағы тексеріс бойынша, 39 профессордың бесеуі ғана шынайылығын дәлелдеп, жоғарыдағы талаптарға сай келген. Ал қалған 34 профессордың бірі ғылыми мақаланы сатып алғаны дәлелденсе, 28-і ақылы жарияланым жасайтын арзанқол журналдарға жүгінген. Яғни кез келген қалталы азамат ақылы түрде мақала жаздыртып, журналға есімін жазғыза алады.

Сонымен қатар Scopus журналының талабынан өтпей, жаңалық таба алмағандар да бұл мәселені айналып өтуде. Интернет желісінде ғылыми мақала сататын веб-сайттар, халықаралық интернет басылымдар пайда болған. Соның мысалы ретінде мына сайтқа көз жүгірттік.

«Бағалар» бөлімінде қарасақ, Scopus журналына ғылыми мақала жазып беру орташа есеппен (1450 $) 618 258 теңгені құрайды. Мұндай ұсыныстар Интернет сұранысында өрбіп жатыр. Оны бизнес көзі ретінде көріп, кәсібін дөңгелетіп жүргендер қаншама.

Кезінде «ғалым», «профессор» дегенде көзімізге Қаныш Сәтпаев тәрізді тау тұлғалы бейнелер елестейтін-ді. «Біліммен жарысатын заманда» қоғам сенім артатын, елімізді көркейтетін, атын әйгілі ететін де – осы ғалым-азаматтар. Бірақ ғылым мансабында мұндай құйтырқы әрекеттердің болуы болашаққа деген сенімді сейілтеді екен…

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button