Жаңалық

Профессор Серік Негимов «Рухани жаңғыру» турасында пікір білдірді

Қазақ ұлтының өр рухы, терең әрі тұнық ой-санасы, дала заңдары, берік дәстүрі – ешқандай ұлтта қайталанбайтын үрдістер. Ал цифрлы дәуір келгеннен кейін осы дәстүрлерден босаңсып қалғандай болдық. Ағымды өркениетке бет бұра бастағандай едік. Дер шағында Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жариялап, ұлттық болмысты, ұлттық сананы жаңғыртуға тапсырма берді. Осы тапсырмадан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде тарихты, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін өте ауқымды шаралар өткізілді. Нақты жоспар жасалып, сол бойынша маңызды жұмыстар атқарылуда.

Мемлекеттің басты капиталы – адам. Бұл туралы заңда да айтылған. Ал адамды адам деген атқа лайыз ететін – өркениет. Өркениеттің дамуы үшін руханиятың бай болуы тиіс. Мінекей, осындай моральдық мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты жатады. Ал қазақ қалқы күнкөрістің, мал табудың мәдениетінен кенде қалса да, руханиятын жұтатапаған халық болып саналады. Төлтума мәдениеттің, руханияттың, ұлттық сана-сезім, ұлттық болмыстың ерекшелігі сол, қырық жыл қырғын көрсе де ешбір ағымның арынына жұтыып кетпей, халықпен бірге жасап келеді. Сондай-ақ, қазақ руханиятының тарихы мәңгілік болмақ. Бұл туралы Жүсіпбек Аймауытовтың өзі заманында үн қатып, халықтың мығым руханиятын босатып алмауды бүгінгі ұрпаққа қатаң тапсырады.

Осы ретте профессор Серік Негимов:

«Қазақ халқы рухани кемелдігі жағынан өзге­ше. Үздік, бай, көркем фольклорлық мұра­ларды көр­кемдік көреген­дікпен жаратумен қатар, солар­ды тұрмыс-тіршілігінде, дүние тану жолында, адам­шылықтың дұрыс жолында, ұлттық салт-дәстүр­лерінде шеберлікпен қолданды. Мұның бәрі халық даналығында қаттаулы. Мемлекетті көздің ағы мен қарасындай сақтауда, жер қазынасын, ел тағ­дырын қорғауда («Елді сөкпе, кенді төкпе», «Қара жерге халық ие, Қара халыққа иман ие», «Халық қартаймайды, қара жер қартаймайды», «Ми­лыға көнген дене азбас, милыға ерген ел азбас») нешеме алуан даналық дәрістермен сусындайсыз», – дейді.

Қазақ тіл мен әдебиеттің терең тұнбасын ала білген халық екені айтпаса да белгілі. Сөзге тоқтау, сөзден аттамау, әдемі сөйлеуге ұмтылу деген сияқты қасиеттер бойында қазақ қаны жүріп тұрған кез-келген азаматқа тән. Негізінде, ұлт руханиятының бел­омыртқасы саналатын ұлт тілі – терең тамырлы, сан сипатты тарихи-мәдени құбылыс. Абай «Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз» деп, осы бір күрделі жәйтті меңзеген. Сөз өмірбаяны көне­ден бастау алса, белгілі бір негізі мен себебі болса, халықтық сананың даму тарихына сәйкес жаңарып-жаңғырып, толығып, күрделеніп отырады. Асылы, қазақ тілінің сөздік қорында мыңжыл­дық­тардың сыры мен құпиясын сақта­ған сөз-ұғымдар, сөз-образдар, сөз-символдар бар. Қашан да ұлттың көркемдік санасын, дүниетанымын, ой-қиялын, ұлы тілегін мәлімдейтін дана­лық тағылымдарына бөленген мағы­налы, киелі тілі бар.

Мәңгілік Елдің, сан қырлы Мәңгілік қазақ тілінің тари­хын куәландыратын Атилла, Естеми, Күлтегін, Шыңғыс хан, Әмір-Темір заманын толғаған тарихи әдебиеттерде «Қаған», «Баһадүр», «Хан», «Түмен», «Ноян», «Жасақ», «Торсық», «Мерген», «Көбеген» (Ұлы ханның ұлдары), «Тархан», «Мәңгі», «Жарлық», «Құрт», «Арба» «Мұхит», «Теңіз» дейтін сөздер бар. Алаш көсемдері шоғырланған Абай атындағы ҚазПУ-де 1930 жылдарда «Халық тілі», «Жазбалар мен ескерт­кіштер», «Мұрағаттану мен деректану» дейтін пәндер оқытылған. Бұл өнегелік бастаманың басты себебі – ұлт руха­нияты, тілі, мәдениеті, тарихы ежелгі замандардан басталатындығын терең танығандықтан.

Әлгіде қазақ елінің жасампаз халық екенін айтып өттік қой. Расында, ғасырлар бойғы ел тарихында қынадай қырылып жатсақ та, шыбын жанымызды сауғалап, азаматтар жан пида етіп қарсы соғысып, аман қалған елміз. Осы ретте Қазақ елінің тарихы мәңгілік екенін Серік ағамыз былай түсіндіреді:

«Мәңгілік Елдің іргетасын қалаған, әлемдік қоғамдастықта өзіндік дауысы бар Қазақстанның үшінші жаңғыруға қадам басуы — ұлттық құндылық­тары­мызды ұлықтауға жол ашты. Страте­гиялық дамудың, ізгі мақсаттардың қайнар көздері мен күретамырын нақты, дәл, дөп айқындау, тереңнен тану ең бір абзал, өнегелі іс болса керек-ті. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында парасатты пайым­даулар, көсем пікірлер тайға таңба басқандай келісті таңбаланған. Бұлар – өркендеуіміздің шарайнасы, кемел келешегіміздің құбыланамасы. Рухани жаңғырудың, жан жарығымен кемелде­нудің, «сәулелі кісі» атанудың кілті – «ұлттық кодыңды сақтай білу».

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық болмысты жаңғыртуды мүдде тұтатынын білеміз. Шын мәнінде,ұлттық-мемлекеттік сана бір жерде көрініс табатын болса, тіл мәселесі де, ой-сана азаттығы тақырыбы да өз шешімін табады.

Негимов Серік 1948 жылы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Ш. Уәлиханов ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1972-1992 жылдары – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға лаборанты, кіші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1992-1997 жылдары – Қазақ қыздар педагогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 1997-1999 жылдары Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2000 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 2005 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде профессор болып қызмет істейді.

Ғылыми еңбектері халық ауыз әдебиеті, жыраулар мен ақындар поэзиясы, қазақша тақпақ құрастыру және шешендік саласына байланысты. 400-ден аса ғылыми, әдеби-сын мақала мен рецензиялар, «Өлең өмірі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика», «Мәлік Ғабдуллин» атты зерттеулердің авторы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық ммақаласы елдің руханиятын кеіестік дәуірде қалған жарқыншақтардан түзетуді көздейді. Сондай-ақ, цифрлы дәуірде өзге елдердің азаматтарымен иық тірестіре алатын бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындау да күн тәртібіндегі мәселе.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button