Жаңалық

Қайраткер Жұмабек Тәшеновке ескерткіш қойылды

Астанада мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіш қойылды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов, Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов бастаған зиялы қауым өкілдері мен Жұмабек Тәшеновтің ұрпақтары қатысты.

«Жергілікті билік елемесе де Жұмабек Тәшеновті халық алақанында ұстады. Бұл ескерткіш біздің тәуелсіздіктің символы ретінде тұрады. Ол кісі қайтыс болғанда туған жеріне жерлемек болғандар болыпты. Бірақ тірісінде өзі айтқан екен: «Қазақтың қай жерінен топырақ бұйырса да бақыттымын», деп.  Сондықтан ол – қазақтың бақытты ұлы», – деді экс-сенатор Оралбай Әбдікәрімов.

Ал қайраткердің ұрпағы Саян Тәшенов игілікті іске ұйытқы болғандарға алғысын білдіріп, әкесі турасында естелікпен бөлісті.

«Біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Әкеміздің ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіштің ашылуына Қасым-Жомарт Кемелұлына рақмет! «Әкеңнің еңбегін неге насихаттамайсың?», деген адамдар көп болды. Нағыз еңбек сіңірген адамды халық өзі құрметтейді.  Біздің әкеміз тек әке емес, нағыз патриот болғанына қуанамыз. Туған жерінде тұрған ескерткіш қандай керемет. Бәріне рақмет!», – деді Саян Тәшенов.

Жұмабек Тәшеновтің туғанына биыл – 106 жыл. Ол 1955-1961 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Солтүстік облыстарды Тың өлкесіне айналдыруды тоқтатқан қайраткердің батыл шешімі халық арасында үлкен құрметке ие.

Бұл турасында Академик Б.Ермұқанов «Сіз бізге қарсы емессіз, сіз өз күйіңізді күйттейсіз» атты мақаласында: «… 60-шы жылдардың бас кезінде КОКП генсек Никита Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы сәтте Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Тәшенев батыл қарсы шықты. Ақыры Одақ басшысының бұл даурықпа дәмегөйлік пиғылы жүзеге аспай қалды», делінген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button