Қанды қасап. Қанды ғасыр
Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Осы орайда Ruh.kz порталы ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану интитутының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлымен дидарласып, аз-кем сұқбаттасқан еді.
Ruh.kz: Қайырлы күн! Саяси террор жылдары қанша адам атылды?
Бақытжан Сатершинов: Амансыз ба?! Саяси террор дегеніміз өз азаматтарына бақылау орнатып, бұрмаланған айыптар тағатын, құпия және арнайы күштеуші құрылымдар арқылы адамдарды заңсыз, жалған және жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, тұтқындап, қинайтын, сотсыз, тергеусіз жаза қолданатын, осылайша халқын үнемі үрейде ұстайтын полицейлік және әміршіл-әкімшіл жүйеге негізделген мемлекеттің сипатын білдіреді. Жетпіс жыл өмір сүрген КСРО-ның негізін қалаған большевиктер билікке келерде және оны барлық жерде орнатуда, азамат соғысының барысында «революциялық террорды», «қызыл террорды» және «жаппай террорды» қолданды. Большевик көсемдері В. Ленин, Я. Свердлов және Ф. Дзержинский контрреволюцияшыл деп айыпталып, тап жаулары ретінде жарияланған әлеуметтік топтарға (дворяндар мен помещиктерге, ақ әскерилер мен дінбасыларға) қарсы қызыл террорды қолдаса, И. Сталин ұжымдастыру мен индустриалдандыру науқанындағы бай-кулактар қырғынынан кейін КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) төрағалары Н. Ежов пен Л.Берияның көсеуімен 1937-38 жылдары зиялылардан бастап қарапайым антисоветтік элементтерге қарсы жаппай саяси қуғын-сүргінмен сипатталатын «үлкен террорды» жүзеге асырды. Ұлы Отан соғысы кезінде депортациялық науқанмен сипатталатын мемлекеттік террор жалғасын тапты. Сталин қайтыс болғаннын кейін ішінара демократиялық өзгерістер мен оңалту орын алғанымен, саяси қуғын-сүргін жаппай болмаса да, жекелеген категориялар мен тұлғаларға қатысты болғанын айту керек.
Жалпы мемлекеттік террор тоталитарлық мемлекет ретінде КСРО-ға ғана тән болды. «Мемориал» халықаралық қоғамының мәліметінше, 1918-ші жылдан 1987-ші жылдар аралығында, қауіпсіздік органдарында сақталған құжаттарға қарағанда, саяси баптардан өзге бандитизм, контра, шпионаж, саботаж, зиянкестік тәрізді баптармен 7 миллион 100 мың адам тұтқындалған. Ал жалпы саяси және қылмыстық істер бойынша, кейбір тарихшылардың айтуынша, 1923-1953-ші жылдар арасында сотталғандар саны 40 миллионға жақындайды. КСРО ІІМ архивіндегі мәліметтерге сүйенсек, контррреволюциялық қылмыстары үшін осы жылдар аралығында 643 мың адам атылған.
Қазақстанға келер болсақ, ресми мәліметтерде саяси қуғын-сүргінге 100 мыңнан аса адам ұшырап, оның 20 мыңы жазаның жоғары түрі өлім жазасына кесілген деп айтылады. Ал халық жады мен ел аузындағы әңгімелерде қуғын-сүргін қазақ отбасыларының әрқайсысын болмаса да, екісінің бірін қамтыған және сотсыз атылғандар да баршылық. Контрреволюциялық әрекет деген айып қазақ зиялыларынан бастап, ауқатты адамдардың барлығын бай, кулак деп кінәлауға, қарапайым еңбек адамдарын астық ұрлады деген деген айыпқа ұласты, ал діндар адамдар антисоветтік элемент деген жазғыруға ұшырады.
Ruh.kz: Қанша қуғын-сүргін құрбаны қалпына келтірілді?
Бақытжан Сатершинов: Ақтау шаралары қылмыстық-процессуалдық заңдылық бойынша жүзеге асты: КСРО Бас прокурорының (немесе оның орынбасарының) қарсылық жазбасы КСРО Жоғары Сотының Әскери коллегиясына тапсырылып, сонда жоғарыда аталған органдардың шешімі жойылды немесе істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Қайта қарайтын іс өте көп болғандықтан 1954 жылдың 14 тамызында КСРО ЖКП Жарлығымен одақтас және автономиялы республикалардың Жоғары соттары, облыстық, автономиялы облыстық және өлкелік соттардың құрамында президиумдар құрылып, қайта қарау құқығы соларға берілді. Коллегиялардың қайта қарауының нәтижесінде ақталушы адамның қимылында қылмыстық құрам жоқ деген шешім шығарылды, ал жазықсызды соттаған жазықтыларға қатысты іс қозғау туралы мүлдем сөз болмады. Бұл кезеңде, яғни 1954 жыл мен 1957 жылдар аралығында от 300-ден 600 мыңға дейін, жалпы Хрущевтің басқаруы тұсында 800000-нан 2 миллионға дейін адам ақталған.
Ruh.kz: Қандай оңалту жұмыстары жүргізіліп жатыр? Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысымен кімдер айналысады?
Бақытжан Сатершинов: 1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінің жанында осы мәселе жөнінде комиссия құрылды. Оның жұмысының барысында Елбасы Н. Назарбаевтың қолымен 1993-жылдың 14-сәуірінде ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде» Заңы қабылданды. Жаппай репрессия орын алған сұрқия кезеңнен алпыс жыл өткен соң 1997 жыл «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланды. Тоталитарлық биліктің өктемдігі тұсында тауқыметті халқымыздың басына түскен орасан зор зұлматтың қанқұйлы қасіретінің енді қайталанбауын көзі тірі ұрпақ келер ұрпаққа аманат етіп тапсырды. Тоталитарлық өткеннің бұл тақсыретті тағылымы осыдан дұрыс қорытынды шығарып, ел дамуының өркениетті де ізетті үрдісін ұстануға, өшпенділік пен кекшілдіктен гөрі жарастық пен кешірімді ұстануға үндейді.
Одан кейінгі 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жылдың «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жариялануы жоғарыда келтірілген саясаттың заңды жалғасы болды. Төл тарихты тану арқылы Қазақстан халықтарының береке-бірлігін, ынтымағы мен жарастығын, достастығы мен туыстастығын одан әрі нығайту мақсат етілді. Жетпіс жыл бойы халқымыздың өзіне лайық тарихы тұмшаланып айтылмай келген, айтылса да саясаттың ыңғайына қарай бұрмаланып, теріс түсіндіріліп келгені белгілі. Сондықтан да тәуелсіздік тынысымен арқаланған халықтың өз тарихы мен тағдырына бет бұруы заңды құбылыс.
Ruh.kz: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған Қазақстандағы қанша музей бар?
Бақытжан Сатершинов: Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мұражайлар бар. Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтан қаласына жақын жерде орналасқан. Қарағанды облысындағы Долинка елді мекеніндегі Карлаг музейі Қазақстан аумағындағы еңбекпен түзеу лагерлеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін жаңғыртуға арналған. 2018 жылы Алматы облысы Жаңалық елді мекенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі ашылды. Шымкент қаласында да осындай мұражай бар. Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласынан «Еске алу» үйін ашу туралы ұсыныстар мемлекеттік комиссия мүшелері тарапынан айтылуда.
Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет!