«ҚАРА КЕМПІР» МЕМОРИАЛЫ (1993 ж.)
Орналасқан жері: соғыстан ұлдарының қайтуын күткен қарт ананың мүсінін сомдаған мемориалдық ескерткіш. Меркі ауданы, Жаңатоған ауылының шетіндегі биік төбеде орналасқан.
Биіктігі 4 м болатын ескерткіш бетоннан құйылып, төртбұрыш тұғырдың үстіне орнатылған. Төбенің етегінде ескерткішке баратын сатылы жолдың бойында:
«Ооой, дүние-ай!
Қараймын батыс жаққа келе ме деп,
Анасын қайғы шеккен көре ме деп.
Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де
Хабарын қос қозымның бере ме деп» –
деген бір шумақ өлең қызыл тасқа қашалып жазылған.
Ұлттық киім киіп, ағаш бұтағына сүйеніп тұрған мүсін-кейуананың жүзінен уайым мен қажудың табы байқалып, адамды терең ойға жетелейді.
Сұрапыл соғыстың салмағы майдан даласында от кешкен, оққа ұшқан жауынгерге ғана емес, ақ сүт беріп өсірген бауыр еті баласын амалсыздан аттандырған анаға, жан-тәнімен сүйіп қосылған, жар қызығын бөліскен азаматынан айырылған келіншекке, бір құрсақтан шыққан інісінен, ағасынан қол үзген бауырға түсті. Олардың бар қолынан келетіні – күту, сағыну. Тәңірден амандығын тілеу. Қара кемпір сол әлсіз де азалы аналардың бірі еді. Бұл мемориал бастан-аяқ сұм соғыстың қасіреті мен оған деген ана қарғысын бейнелейді.
Осы өңірдің тумасы, белгілі әнші, компазитор А. Қоразбаевтың жаны жаралы ананың тебіренісін суреттейтін «Қара кемпір» әні де осы оқиғаға байланысты туындаған. Оқиға Меркі ауданы, Қызылсай ауылындағы Қали ананың мұңлы тағдырын баяндайды. Сұрапыл соғыс жылдарындағы Жексенқұл, Қосшығұл атты қос ұлынан қатар айырылып, ішқұса болған ананың зары мен күйігі, жүрек жоқтауы жатыр.
Артында қалған ел-жұрты азалы ананың аруғына тағзым ретінде ескерткіш орнатып, естелік қалдырды.