Жаңалық

Қарағанды облысының оқушылары Ақтөбеде

Ағымдағы жылдың 10-шілдесінен бастап, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында мектеп оқушыларының еліміздегі қасиетті жерлерге саяхаты, яғни, Республикалық өлкетану акциясы басталған еді. Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында жасалып отырған бұл шара аясында оқушылар өзге облыстардың кереметтерімен танысып, географиялық һәм тарихи-мәдени білімдерін арттыра түсті.

Оқушылардың саяхатын ұйымдастырып отырған өлкетану акциясының орындалу барысын Республикалық «Рухани жаңғыру» басқару кеңсесі жеке қадағалауына алған. Аталған акция барысында бірқатар облыстар өз оқушыларын өзге өңірлерге жіберді. Бүгінгі жазбамызда Қарағанды облысының мектеп оқушыларының Ақтөбе облысындағы қасиетті жерлермен танысқан саяхаты туралы айтпақпыз.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасының міндеттемелерін жүзеге асыру барысында Қарағанды облысынан іріктелген 60 оқушы Ақтөбе облысының тарихи-мәдени құндылықтарымен, қасиетті жерлерімен танысу мақсатында саяхат жасады. Мектеп оқушыларынан құралған делегацияны бес мұғалім және екі медбике алып жүрді.

Облыс көлемінен іріктелген 60 оқушының қатарында Нұра, Осакаров, Абай, Бұқар жырау аудандарының, Қарағанды, Теміртау, Саран қаласының жасөспірімдері бар. Олардың барлығында ортақ мақсат, батыс аймақта орналасқан Ақтөбе облысының кереметтерімен танысу.

Ақтөбе облысының қасиетті жерлерінің картасында «Қобыланды батыр» мемориалды кешені, «Абат-Байтақ» кесенесі секілді мәдени-тарихи маңызы бар орындар енген. Сарыарқадан келген жас буын өкілдері осынау кереметтермен танысып, өз отанының қасиетін жіті тани түседі әрі кеуделерінде ұлттық рух оянып, түп тамырына тарта бермек. Бұл ұлт болашағы үшін өте маңызды рухани санамен жасалатын жұмыс.

Біз алдыңғы мақалаларымызда өзге өлкелердің мектеп оқушыларының басқа аймақтарда орналасқан қасиетті мекендермен, тарихи маңызы бар кесенелермен, географиялық ескерткіштермен танысу үшін республикалық өлкетану акциясы жүргізіліп жатқанын айтып келеміз.

Шілде айының соңында осы Ақтөбе облысының көлемінде іріктелген 64 мектеп оқушысы Қарағанды облысына үш күндік саяхат жасап, қасиетті Сарыарқаның тамашаларымен терең танысып қайтқан. Батыс өңірдің оқушылары сол саяхатында Қарағанды облысының көлеміндегі Теміртау, Шахтинск қалаларына және атақты Қарқаралы ауданына барып, тарих беттеріндегі жазбалардың куәсіне айналған ескерткіштермен, қала тарихының ерекшеліктерімен танысып, өздерінің өлкетану бағытындағы білімдерін шыңдай түсті.

Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігі жеке қадағалап отырған өлкетану акциясының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттемелерін жүзеге асыру барысында бәсі жоғары. Жас буын – болашақ иесі. Демек, олардың тарихи білімін бүгінгі күннен бастап ұлттық санасымен ұштастыра отырып беру – болашақтың бұлыңғыр болмасы үшін жасалған нық қадамдардың бірі.

Қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы мың сан қасиетті орындармен мектеп жасындағы жасөспірімдерді таныстыру – теңдесі жоқ бастама. Бұл бастама арқылы біз елдің келешегіне кепілдік жасап, саналы ұрпақ, сапалы маман даярлау ісін жеделдете түсеміз.

Ұлттық құндылықтарының маңызын түсінген ұрпақ – ұлт үшін қызмет ететін болашақ азамат. Ол жас күнінен санасына құйылған насихатты ешқашан ұмытпайды және өзінің ұлттық болмысын жоғалтпайды. Сонымен қатар, ұлт болашағының тұтқасын ұстайтын азаматтар, өз Отанының, атажұртының көне тарихының сілемдерімен, ұлттық құндылықтарымен жете танысуы шарт. Біз осындай бастамалар арқылы жаңа буынды бәсекеге қабілетті, отансүйгіш азамат ретінде тәрбиелеп шығамыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттмелерді жүзеге асыру жолында, жаңа ұрпақ даярлауда жоғарыда айтылған саяхаттардың бәсі жоғары.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы жастардың ұлттық кодының деңгейін асыруды, түпқазықтан алыстап кетпеуін қатаң тапсырған болатын. Ұлт тарихындағы тұлғалар мен көне қалалардың бейнесін көз алдымызға әкелетін нысандарға саяхаттау бұл ретте үлкен көмекші құрал болып қала бермек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының осындай игі шаралары үшін де оны халық «ұлт тарихындағы ұлы бастама» деп атап кеткен.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button