Қарағандылық оқушылардың Ақтөбеге сапары
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында қарағандылық оқушылардың Ақтөбе облысындағы қасиетті орындармен танысу мақсатында саяхат жасағаны туралы алдыңғы мақалаларымызда айттық. Оқушылар сапар барысында «Қобыланды батыр» мемориалдық кешеніне, «Абат-Байтақ» кесенесіне және өңірдегі өзге де қасиетті орындарға барып, облыс кереметтерімен танысты.
Сарыарқадан жиналған 60 мектеп оқушысы өздерінің жазғы демалыстарын тиімді өткізіп жатқандары үшін қуанышты екендерін және аталған саяхаттың қатысушысы атану үшін үлкен бәсеке болғанын жеткізді.
Еске сала кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында үстіміздегі жылы еліміздің барлық өңірінде «Республикалық өлкетану акциясы» өткізілуде. Аталған шараның мақсаты – мектеп оқушыларының тарихи-мәдени һәм географиялық білімін арттырып, отансүйгіштікке баулу.
Қазақстан Республикасының президенті әкімшілігі арнайы қадағалаған акция көлемінде республиканың түгелге жуық өңірінде саяхаттар ұйымдастырылып, ұлт болашағы саналатын мектеп оқушыларының түпқазығынан алыстамауы үшін түрлі жұмыстар атқарылды.
Қарағандылық мектеп оқушыларының да батыс аймақтағы Ақтөбе облысына саяхаттауы да «Туған жер» арнайы жобасы аясындағы «Республикалық өлкетану акциясы» көлемінде жүзеге асқан.
Ақтөбе сапарының алғашқы күнінде ұйымдастырушылар жас қонақтарға арнап экскурсия ұйымдастырып, кішігірім мерекелік концерт қойды. Аталмыш шараны Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқарма басшысы Н.Күнтуов ашып, сонау Сарыарқадан ат терлетіп келген жас жеткіншектерге жақсы демалыс өткізуге тілек білдірді.
Қарағандыдан келген мектеп оқушыларының жасы 9-14 жас аралығында. Жеткіншектер үш күндік саяхаттары барысында облыстың тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, архитектуралық нысандарымен танысып, өз қатарлары қойған концертті тамашалады. Сондай-ақ, шара барысында олар бір-бірімен танысып, достарының қатарын ұлғайтты.
Шараның екінші күнінде қарағандылық мектеп оқушылары Қобда ауданында орналасқан «Әлия» отансүйгіштік тәрбиелеу орталығына, «Абат-байтақ» және «Қобыланды батыр» мемориалдық кешендеріне, Бестамақ ауылында орналасқан әйгілі Есет батырдың кесенесіне барып, тағзым етті.
Сонымен қатар, оқушылар облыстағы «Күншуақ» сауықтыру лагеріне барып, мерекелік концертті тамашалады. Концерт артынан оқушылар өзара спорт түрлерінен бәсекеге түсіп, мықтыларды анықтады. Бұл күн оқушылар үшін өте әсерлі әрі қызыққа толы болып өтті.
«Ұлы дала бірлігі» деген атпен ұйымдастырылған мерекелік концерттің артынан жеткіншектер би алаңында көңіл көтерді. Осындай еркін форматтағы кездесулер мен шаралар арқылы олар өзге өңірдегі өз бауырларымен, иықтас, қатарластарымен таныстығын арттырып, бірлігін нығайтады.
Мектеп оқушыларына қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың құрметіне ашылған «Әлия» отансүйгіштікке тәрбиелеу орталығына барған сапарлары ерекше әсер етті. Олар аталған орталыққа барған кезде батыр апаларының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш пен орталықты таныстыру барысында апа рухына тағзым етіп, көзіне жас алған оқушылар да болды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған «Республикалық өлкетану акциясы» мектеп оқушыларына осындай керемет мүмкіндіктер сыйлауда. Мақсат айқын. Ұлт болашағының тұтқасын ұстайтын жас буын өз тарихынан хабардар, мәдениетіне қанық, географиясын игерген, ұлттық құндылықтарына жауапкершілікпен қарай алатын азаматтар болуы тиіс.