Жаңалық

ҚарағандыWeek. Бұйратау саябағы

Қарағанды апталығын жалғастырамыз. Бүгінгі тақырыбымыз – «Бұйратау» ұлттық саябағы.

Тамылжыған әсем табиғаты, әсіресе, арқары мен маралы, мөлдір бұлағы, өзендері қалың жұртшылықтың жүрегінен орын тапқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Ақмола және Қарағанды облыстарының аралығында орналасқан. Ұйымдастырылған уақыты – 2011 жыл.

Бұйратау еліміздегі ең жас табиғи саябақтың бірі саналады.

Халық Бұйратауды «сафари-парк» деп те атайды. Олай деуінің бірден-бір себебі – жануарлар дүниесінің көптігі.

Бұйратау ұлттық саябағында 230-дан астам құс, 50-ге жақын сүтқоректі мекендейді. Жалбағай, сұңқылдақ аққу, ақбас үйрек, кәдімгі тұрпан, дала қыраны, тазтырна, дуадақ, безгелдек, тарғақ, үкі секілді құстың түрлері мен 20-ға тарта жәндіктері «Қызыл кітап» тізіміне енгізілген.

Табиғатты қорғау орнында жануарларды фотосуретке түсіруге рұқсат етілгенімен, аң аулауға заң жүзінде қатаң тиым салынған.

Саябақ аумағының шағын тауларында көпшілік көзіне өте сирек түсетін солтүстік Ерейментау арқары тіршілік етеді. Ерейментау арқарының саны өте аз. Қазіргі кезде бас саны екі жүздің төңірегінде ғана деп есептеледі.

Саябақта арқардан бөлек, маралдар да бар. Әсіресе, олар қыс мезгілінде болады. Оған себеп – саябақта маралдар қоректенетін өсімдіктер мен суы тұнық бұлақтар қатары мол.

Бұйратауда табиғат тарту еткен ғажайыптар жетіп артылады. Соның бірі – ағып жатқан мөлдір таза бұлағы.

Бұйратаудың көркі – қалың, жазиралы орманы. Онда өсетін ағаштың дені –қарағай, қарағаш, көктерек және қайың. Сонымен қатар орманнан жабайы қарақат пен таңқурай секілді жидектерді кездестіре аласыз.

Саябақтың басты өзендері – Бозайғыр және Әжібай.

Ұлттық саябақ флорасымен де құнды. 500-ге жуық өсімдіктер дүниесі бар. Өте сирек кездесетін өсімдіктері: қандыағаш, қырыққұлақ, қалампыршөп, көктем жанаргүлі, жаушымылдық, жабысқақ, Геснер қызғалдағы.

«Бұйратау» саябағының территориясынан VI-VII ғасырларға жататын сақ тайпасының жәдігерлері табылған.

Саябақ ғылыми мәртебеге ие, мемлекеттік маңызы бар, ерекше қорғалатын жер ретінде екінші санатқа кіреді

Туристер үшін қандай жағдай жасалған?

Саяхаттап келушілер шатыр орнатып, балық аулай алады. Сонымен қатар көне тарихи-мәдени ескерткіштерін аралап, қызықтау үшін көптеген мүмкіндіктер жасалған.

Туристік бағыттары:

1. «Жаушоқы»;

2. «Қарағайлы»;

3. «Жаушоқы-2»;

4. «Белодымовский».

Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларының арасы – 196 км. Елорда мен Көкшетаудың арақашықтығы – 276 км. Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қарағанды қалаларының екі ортасында күнделікті пойыздар мен автобустар қатынайды. Сондай-ақ такси арқылы жетуге де болады. Табиғатты тамашалауға құмар сүйікті оқырмандар мен жолаушыларға Ақ жол тілейміз!

«Бұйратау» МҰТП-нің ресми сайтына кіру үшін: https://gnpp-buiratau.kz/kk/page/tur-bagyttar

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button