Жамбыл облысы

ҚАРАСАЙ ПЕТРОГЛИФТЕРІ (қола дәуірі-ерте темір дәуірі)

Орналасқан жері: Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5,7 шақырым жерде, Қарасай шатқалында орналасқан.

Петроглифтер – қола және ерте темір дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш. Нысан 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. 2010 жылы «Археологическая экспертиза» ЖШС экспедициясы (С. Ақылбек, Ш. Құдабаев) есепке алып, жинаққа енгізген.

Суреттер шатқалдың орта тұсындағы биік жартастарға, аздаған бөлігі қырдағы тастардың тегіс бетіне салынған. Жартастарда тауешкі, бұғы, елік, түйе, бұқа, адам бейнелері қашалған. Бұқа, түйе бейнелері ірі көлемді (60 х 40 см), нүктелеу тәсілімен салынған. Басқа да аңдардың нобайлы бейнелері білінеді. Тастың беттерінде отыздан аса суреттер кездеседі.

Қарасай шатқалындағы петроглифтердің ішіндегі құнды суреттер қатарына жататын петроглиф – күн басты Сібір бұғысы. Жанрлық композиция арқылы салынған бұғының суреті ежелгі қола дәуірінен бізге жеткен бейнелеу өнерінің қайталанбас туындысы болып табылады. Аң стилі негізінде салынған сурет –шынайы бейнені сомдайтын өнер туындысы. Сонымен қатар ежелгі көшпенділердің бейнелеу өнерінде кең таралған жылқы бейнесі де кездеседі. Жылқы – қашан да дала өркениетінің басты нышаны; мінсе көлік, жесе ас, шөлдесе сусын ететін қасиетті жануарлардың бірі. Сондықтан жылқы ежелгі энеолит кезеңінен бері көшпенділердің өмірімен тығыз байланысты.

Қарасай петроглифтерінде культтық көріністер, адам мен жабайы аңдардың аңшылық іс-әрекеттері сомдалған. Тауешкілердің артқа қайырылған үлкен мүйіздерін тас бетіне шеберлікпен бейнелеуіне қарағанда олардың киелі аңдар қатарына жатқызылғандығын көреміз. Суреттердің арасында түйе бейнелері де кездеседі. Түз тағыларынан қабан, ұзын құйрығы қайырылып тұрған түлкі, қасқыр (ит), қазіргі үй жануарларынан аумайтын ойсыл қараға жататын бір топ бұқалардың суреттері асқан шеберлікпен бейнеленген.

Сонымен қатар тастағы суретте алдыңғы екі аяқтарын көтеріп, шабысып, өз үйірлерін қорғап тұрған мығым денелі арғымақтардың суреттері нағыз шынайы көрініспен бейнеленген. Суреттердің мазмұнына арқау болған тұрмыстық заттар, жануарлар мен құбылыстардың барлығы қасиетті саналған. Түз тағылары мен төрт түлік иесін құрметтеу, қару-жарақты кие тұту нышандары қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімдерінде әлі күнге дейін сақталған.

Қалай болғанда да әрбір бедерде көне замандардағы белгісіз тас қашаушы шебер суретшілердің сол заманғы қоршаған ортаға, дәстүрлі тіршілігіне деген өзіндік көзқарасы мен пайымын сипаттайды. Бұл суреттер – қола дәуірінен бізге жеткен теңдессіз мәдени мұра.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button