Жаңалық Редакция таңдауы

Қарин: Президенттің стратегиялық бағдары қоғамдағы барлық саланы қанаттастыра реформалауға бағытталған

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өз Telegram каналында жазды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Осыдан бір жыл бұрын өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берді. Бұл көрсеткіш халықтың Президентке деген сенімі жоғары екенін айқын аңғартты. Мемлекет басшысы 2019 жылы жүзеге асыра бастаған ауқымды әрі жан-жақты реформалар ол қайта сайланғаннан кейін де дәйекті түрде жалғасын тапты, – деді Ерлан Қарин Telegram-да.

Оның айтуынша, еліміздің саяси жүйесін демократиялық жолмен өзгерту үдерісі үздіксіз жалғасып келеді.

Президент сайлауы жаңа саяси науқандар кезеңіне жол ашты. Соның нәтижесінде Парламенттің қос палатасының және мәслихаттың сайлауы өтіп, олардың құрамы едәуір жаңарды.

Екі апта бұрын Қазақстанда алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы болды.
Осылайша, еліміздің саяси жүйесін демократиялық жолмен өзгерту үдерісі үздіксіз жалғасып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағдары Қазақстан қоғамының барлық саласын қанаттастыра реформалауға бағытталған, – деді ол.

Сондай-ақ ол өз жазбасында Президент қыркүйектегі Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық моделге көшу туралы жариялауы экономиканы одан әрі монополиясыздандыру мен әртараптандыруды, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, көлік пен логистиканы, қаржы саласын дамытуды, шағын және орта бизнеске жүйелі қолдау көрсетуді көздейтіндігін атап өтті.

Саяси және экономикалық реформалармен қатар әлеуметтік-гуманитарлық салада да маңызды реформалар жүзеге асырылады. Ондағы мақсат – білім беру, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру.

Президенттің сайлау алдындағы тұғырнамасында айтылған басты бастамалар биыл жүзеге асырыла бастады. Оның қатарында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, заңсыз жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді елге қайтару сияқты бастамалар бар.

Жалпы, Президент стратегиясының барлық бағыты – саясат, экономика және идеология үшеуі біріккенде елімізді жүйелі түрде жаңғыртуды көздейтін біртұтас бағдарламаны құрайды, – деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button