Жаңалық

«Қарын бүрме» тағамы қалай дайындалады? (видео)

Қазақтың ұмыт болған «Қарын бүрме» ұлттық тағамының жасалу жолын көрерменге таныстырды.

Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бастамасымен «Дәстүр және ғұрып» жобасы аясында қолға алынған ұлттық тағамдарды дайындау шеберлік сағаты Талас ауданында жағасын тапты.

Қарын бүрме – кесектеп туралған етті өзінің майы мен сөліне бұқтырып дайындайтын (пісірілетін) тағам түрі. Жергілікті жерлерде мұндай тағамды «бөртпе», «көмбе», «қарын бөртпе» деп те атайды. Байырғы ортада осындай тәсілмен пісірілген етті суыған соң қарынға салып, тоңазытып қойып, көп ретте сапарға шыққан жолаушылар жолазыққа тұтынған.

Бұл қысы қатты болатын жерлердің тұрғындары жасайтын тәсіл. Алғашқы суық түскен кезде қыс айларында желінетін ұсақ мал жемшөпке ортақ болмас үшін және арықтап кетпес үшін семіз кезінде сойып, ұшасын мүшелеген соң, тұздап өз қарнына салып, аузын буады да, шошалаға апарып қояды. Ет өз сөлімен тұзы сіңіп көктемге дейін сақтала береді. Бүрменің тағы бір түрі етпен қоса үйітіліп, жуылған бас-сирақты, тазаланған ішек-қарынды қосып, малдың өз терісіне орап, сыртынан таңып қояды. Бас ұстауға лайық сыйлы қонақ келгенде мал сойып әуре болып жатпай-ақ, дайын бүрмедегі сыбағаны қазанға салады.

Халқымыз қыстық азық-түлігін бүліндіріп алмай сақтаудың небір әдістерін бұрыннан-ақ білген. Бүрмеге салынатын еттің тұзы артық та, кем де болмауы тиіс. Тұзы көп болса, ет сіресіп қатпайды және сорпасы ащы болып ішуге жарамай қалады.

P.S: Сорпаның тұзы ащы болып кеткен жағдайда қазанға бір қайнағаннан кейін қарағайдың екі-үш кесек көмірін дәкеге түйіп, салып жіберсе, тұзын сорып алады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button