Жаңалық

Қашықтан жұмыс істегіңіз келсе...

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев «Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру» деген екен. Шынымен, «жұмысы жоқтық» адам баласының рухани және физиологиялық тұрғыда құлдырауына алып келері хақ. Бұл өмірде өзіңнің нақ орыныңды табу, сүйікті жұмысыңмен айналысу – әр адамның басты бағдары болып табылады. Сонымен қатар, өз уақытыңды сүйікті ісіңе жұмсау – аса қымбат дүние. Бүгінде жұмыс істеудің түрлі формасы қалыптасқан.

Қазіргі таңдағы технологиялардың арқасында бізді шектейтін факторлар азайып, сан түрлі мүмкіндіктерге жол ашылуда. Осы орайда қашықтан жұмыс істеу жүйесі қарапайым ғана идея емес, әдеттегі жайтқа айналды.

Заманауи бизнес жағдайында ірі және шағын компаниялар қашықтан жұмыс істеу жүйесін белсенді түрде енгізуде. PGI жаһандық сауалнамаға сәйкес ақыл-ой еңбегін атқаратын мамандардың 79%-ы үйлерінен жұмыс істейтіндерін жеткізген. Ал сауалнамаға жауап берушілердің 60%-ы мүмкіндік болған жағдайда өз жұмысын тастап, сол еңбекақы үшін үйде де жұмыс істеуге келісетіндерін айтқан.

Яғни, жұмыскерлер тарапынан осындай жұмыс түрі өте қолайлы саналатыны көрініп тұр. Дегенмен де, қашықтан жұмыс істеуге көшудің немесе өз қызметкерлеріңізді көшірудің алдында осы жүйенің оң және теріс әсерлерімен толыққанды танысып алғаныңыз дұрыс.

Бұл мақалада қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтары мен кем тұстары көрсетілген. Артықшылықтарына келетін болсақ, мынандай үш басты факторды айтып өтуге болады.

Қашықтан жұмыс істеудің ең маңызды артықшылығы – жұмыс істеудің икемділігі. Аталмыш жайт қызметкерлерге өз күнін мұқият басқару арқылы белгіленген тапсырмаларды толыққанды жүзеге асыруға және нақты көрсетілген уақыт аралығынан асып кетпеуге мүмкіндік береді. Яғни, кез келген маман өз уақытын басқара алады және жұмысқа деген ынтасына байланысты өзіне қолайлы сағаттарда жұмыс істейді.

Осындай икемділікті қажет ететін адамдар қашықтан жұмыс істеу жүйесін жақсы қабылдайды. Мәселен, маман өзінің жеке мәселесімен шұғыл айналысуы керек болса, қашықтан жұмыс істеу оған өз шаруаларын орындауға тиімді мүмкіндік береді. Сондай-ақ, үй, кафе немесе парк секілді кез-келген жерде жұмыс істеуге болады. Яғни, жұмыс істеудің икемділігі – көңіл қуантарлық қолайлы жұмыстың кілті.

Сонымен қатар, істелетін жұмысқа және қоршаған ортаға көзқарасыңыз өзгерген жағдайда әдіс-тәсілдеріңізді талапқа сай бейімдеуіңіз қажет болады. Шын мәнісінде, сіз өзін-өзі басқаруды дамыту немесе назарда ұстау секілді жаңа қабілеттерге ие бола аласыз.

Қашықтан жұмыс істеу жүйесі белгілі бір кәсіпкерлік сипатқа ие, себебі, сіз өз уақытыңызды басқарып, күнделікті тапсырмаларды орындайсыз. Сіз кеңседегі жұмысқа қарағанда ешкімнің қарамағында қызмет етпейсіз. Кез-келген уақытта жаңа білім алуға, қандай да бір тәлімді үйренуге мүмкіндік аласыз. Сонымен қатар, бос уақытыңызда кітаптар мен мақалаларды оқуға болады.

Мұндай адамдар өздерін жаңа жағынан ашуы мүмкін. Өз іс-әрекеттерін тиімдірек жоспарлауға және тапсырмаларды уақытылы дайындауға қабілетті болады. Әрине, сіз кеңседе немесе үйде жұмыс істеп жатқаныңызға қарамастан, уақытты бағалауға және дұрыс бөлуге қабілетті болуыңыз керек. Дегенмен де, басшыңыздың әр қадамыңызды бақылап отырғаннан гөрі оңайырақ және қолайлырақ болады.

Және де бұл арзанырақ! Аталмыш жайт компанияға да және қызметкерлерге де қатысты. Ірі және шағын компаниялар әкімшілік шығындардың елеулі қысқарғаны туралы хабарлайды. Сонымен қатар, PGI зерттеуі бойынша орта деңгейдегі кәсіпорын өз қызметкеріне кететін шығынды $11,000 долларға дейін қысқарта алады екен. Әрине, егер аталмыш қызметкер қашықтан жарты ақыға жұмыс істеген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл қаражат кеңсені күтіп ұстауға, жалға беру шығындарына және басқа да қызметтерге қатысты.

Ал HBR талдауына сай тәуелсіз зерттеу көрсеткен бойынша қашықтан жұмыс істеу қызметкерлердің де жеке шығынын азайтады. Бұл жағдай жұмыскер еңбегінің өнімділігін арттырады, артық жұмыс істеуге және компанияда өз орнын сақтап қалуға мүдделі етеді. Қашықтан жұмыс істегендіктен, олар жұмысқа дейінгі жолға аз қаржы жұмсайды.

Сараптама есебіне сай Ұлыбританияда жұмыскерлер еңбек өтілінің барысында жұмыс орнына жету үшін орташа есеппен £50,000 фунт стерлинг жұмсайды екен. Осы орайда кеңседе орналасқан кафелерде және мейрамханаларда емес, үйде тамақтану арқылы қанша қаражат үнемдей алатыныңыз туралы ойлап көрсеңіз болады.

Алайда «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, қашықтан жұмыс істеудің қиыншылықтары жетерлік. Мәселен, жұмыс барысында сіз қандай да бір тапсырманы немесе жобаны талқылау мақсатында әріптесіңізбен қалаған уақытта жолыға алмайсыз. Яғни, ақылдасу үшін өзге біреумен байланыс жасау мәселесі қиындық туғызады. Осы себепті байланыс жасау тәсілін алдын-ала анықтап алу маңызды. Бүгінде Skype, Slack немесе Asana секілді бағдарламалар арқылы бұл мәселені оңтайлы шешуге болады.

Дүниежүзілік зерттеулерге сәйкес қашықтан жұмыс істеушілердің 87%-ы видеоконференцияларды қолдану арқылы жұмыс жүргізген жағдайда өздерін жайлы сезінеді екен. Сіз күнделікті таңертең өз командаңызбен байланыса аласыз, ағымдағы жоспарлар мен тапсырмаларды талқылауға мүмкіндік аласыз. Қашықтан жұмыс істеген жағдайда әріптестеріңізбен байланысыңызды үзіп алмау өте маңызды.

Команданың табысты жұмысы үшін әрбір қатысушы жұмыс үрдісіне белсенді қатысуы тиіс. Біреумен бетпе-бет сөйлесу мүмкін болмаған жағдайда да команда ішіндегі қарым-қатынас бұзылмауы тиіс.

Сондай-ақ, қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынас табысты жұмыстың маңызды ажырамайтын бөлігі болып табылады. Және бұл жайт қашықтан жұмыс істеу кезінде бәсеңдеуі немесе мүлдем жоғалуы мүмкін. Жақында жүргізілген зерттеулерге сай жауап берушілердің 87%-ы кез келген келісімге келу үшін бетпе-бет кездесу қажет екендігін жеткізген, сонымен қатар, қатысушылардың 95%-ы ұзақ уақыттағы іскерлік қарым-қатынастар бизнесте табысқа жетудің көзі деп есептейді.

Ал The Guardian статистикасына сай қызметкерлердің 90%-ы икемді кесте және қашықтан жұмыс істеу әріптестерімен қарым-қатынас жасау қабілетіне әсер етпегенін атап өтті. Яғни, олар үзіліс бөлмесінде араласып, жобаны талқылауға, жұмыс орнынан кейін бір жерге баруға болатынын алға тартты. Әлеуметтік әріптестіктің мұндай әдістерін қашықтан жұмыс істеу кезінде қолдану мүмкін емес.

Аталмыш мәселені шешудің жалғыз жолы – қандай да бір уақыт аралығында кеңседе жұмыс істеу. Қашықтан жұмыс істеуді ұсынатын көптеген компаниялар қызметкерлерге кеңседе бірнеше күн/апта/ай/тоқсан бойы жұмыс істеу керектігі туралы талап қояды. Осының барлығы физикалық өзара қарым-қатынасты, дәстүрлі байланысты және ынтымақтастықты қолдау мақсатында жүзеге асырылады. Дегенмен де, әріптестерсіз жұмыс істеген жағдайда сіз нақты тапсырмаға көңіл бөлу арқылы өзге дүниелерге аз алаңдайтын боласыз.

Қашықтан жұмыс істеу кеңседегі алаңдау факторларын азайтқанымен, олардың орнына мүлдем басқа сипаттағы себептер анықталады. Адам мен оның қоршаған ортасына байланысты алаңдау түрлі жағдайда туындайды. Әдетте, жеке басқа қатысты мәселелер пайда болады және тапсырмаларды шешуде белгілі бір қиындықтар тудырады. Мысалы, қашықтан жұмыс істегісі келетіндердің бәрі жұмысты үйде істеу мүмкіндігіне қызығады.

Бұл орайда алаңдау факторларын азайту үшін жұмыскер өз міндеттері және еңбек өнімділігінің деңгейі үшін жауапкершілікті сезіне білуі қажет. Яғни, тапсырманы аяқтау үшін қанша уақыт қажет екенін білуге ​​көмектесетін күнделікті уақытты бақылау бағдарламаларын пайдалануға болады.

Аталмыш бағдарламалар сіздің немесе сіздің қызметкерлеріңіздің уақытты қалай жұмсайтынын көрсетеді. Осындай бақылау жүйесі арқылы басшы мен маманның арасындағы қарым-қатынасты ғана емес, еңбек өнімділігін де жақсартуға болады.

Көріп тұрғаныңыздай, қашықтан жұмыс істеу жүйесінің өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бұл орайда, аталмыш жүйе өзге бір команда немесе қызметкердің жағдайында табысты жұмыс істесе, сіздің жағдайда кереғар болуы мүмкін екендігін түсіну қажет. Сондықтан, сіз осындай сипаттағы жұмыс өмір салтыңызға және бизнесіңізге қолайлы болатындығына көз жеткізуіңіз керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button