Қасиетті мекен – Шығыс Қазақстан
Суы асыл – Алакөл, Абайдың кіндік қаны тамған жер – Жидебай, көздің жаудың алар Катон-Қарағай. Осының бәрі – Өр Алтайдың төсінде орын тепкен Шығыс Қазақстанның кереметтері.
Шығыс Қазақстан облысы – экономикалық-географиялық тұрғыда ыңғайлы орналасқан бірегей табиғи, мәдени және тарихи ескерткіштері бар өңір. Ол – аңызға толы киелі жер. Қазақстанның сакралды географиялық картасына енгізілген Шығыс Қазақстан облысының киелі жерлерін біреулер қасиетті мекенге, біреулер шағын «Меккеге» теңесе, басқалары өңірдің мақтанышы деп біледі.
Ақбауыр
Ақбауыр – алты мыңжылдық тарихы бар, неолит дәуіріне жататын археологиялық кешен. Әлі күнге зерттеліп бітпеген құнды жәдігердің ерекшелігі сол, әр тасының беті ежелгі таңбалар мен суреттерге тұнып тұр.
Ақбауыр облыс орталығынан 30 шақырым жерде, Ұлан ауданы аумағында орналасқан. Біздің заманымызға дейінгі 3-5 мыңжылдықта өмір сүрген адамдардың қолымен жазылған петроглифтер жер бетінде сирек кездесетін жосамен таңбаланғандықтан мұндай ескерткіш әлемде екеу ғана деседі ғалымдар. Тасқа түскен бұғы мен жылқының, арба мен соқаның бейнелері сол кезеңдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен, өмір салтынан хабар беріп, жер игеруді кәсіп еткендігін аңғартады. Теңдесі жоқ Ақбауыр табиғи ескерткіш-гротын ғалымдар ХХ ғасырдың 70-інші жылдары анықтаған-ды. Кейіннен 90-ыншы жылдары өскемендік ақын Евгений Курдаков алғашқылардың бірі болып жұмбағы мол тау-тасты өз бетінше зерттеуге кіріседі. Ақбауыр жайында Николай Топольняк дейтін әуесқой зерттеуші фильм де түсірген. Автордың айтуынша, тастағы таңбаларды ғалымдар көне күнтізбе, астрологиялық бақылау жүргізу орны деп есептейді екен.
Шілікті
Зайсан көлінен жүз шақырым жерде, оңтүстік-батысында – Тарбағатай, шығысында – Сауыр-Сайқан, солтүстікте – Маңырақ таулары қоршаған үлкен алқап бар. Бұл – Шілікті жазығы. Аталмыш жазықта тарихи ескерткіштер мен сақтардың көсемдері көмілген обалар бар.
Шіліктідегі елді елең еткізген ерекше ескерткіш – үшінші «Алтын адам». Ол 2003 жылы табылған болатын. Алтынмен көмкерілген киімімен бірге жерленген сақ патшасының сүйегін археолог Әбдеш Төлеубаев бастаған зерттеу тобы Бәйгетөбе атты обадан анықтаған-ды. Оның жерлеу мерзімі біздің заманымызға дейінгі VІІ ғасырға жатады. Демек, ол Есіктегі «Алтын адамнан» 400 жасқа үлкен. Қазба жұмыстары барысында 4 мыңнан астам алтын бұйымдар шыққан болатын. Шілікті қорғаны қазіргі таңда филиал ретінде «Берел» қорық-музейінің құрамында.
Жидебай
Тарихи деректерге жүгінсек, «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының филиалы ретінде 1945 жылы (бір деректерде 1940 жыл деп жазылып жүр) құрылған. Ақынның 100 жылдық мерейтойы кезінде ұлы тұлғаның мекен еткен қыстауы мұражай-үйіне айналды. Мұражай құрамына бірнеше құнды тарихи ескерткіштер мен шағын мұражайлар енеді. Олар – Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы, Ахмет Риза медресесі, Абай ауданының аумағындағы Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражайы, 1997 жылы ашылған Көкбай Жанатаевтың мұражайы, 2003 жылы Құндызды ауылында ашылған Шәкір Әбеновтің мұражайы, Үржар ауданындағы Әсет Найманбаевтың мұражайы, Құнанбайдың құдығы, Зере мен Ұлжанның зираты, «Абай – Шәкәрім» мазарлы кешені, мазарлы кешеннің мешіті, Мұсақұлдың қыстауы, «Оспан көлі», Кеңгірбай бидің зираты осы қорықтың құзырында.
Қоңыр әулие үңгірі
Абай ауданы Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында тараған аңыз көп. Ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты. Шаған шайқасы осы үңгірдің маңында өткені тарихи деректерден белгілі. Алаштың алапатын асырған Абылай хан әйгілі Қабанбай батырға «Дарабоз» атағын осы жерде берген деген мәліметтер де кезедеседі.
Үңгірдің қай заманнан бері Қоңыр әулие атанғанын нақты ешкім білмейді. Бір ғажабы, үңгірдегі көл суының температурасы қысы-жазы өзгермейді.
Қоңыр әулие үңгірі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындар картасына» енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған. Қазіргі таңда қасиетті мекен Абай аудандық Мәдениет үйінің қарауында.
Ырғызбай әулие кесенесі
Кесене Тарбағатайдың теріскейіндегі кең жазықта жатқан Күмісті жайлауында орын тепкен. Ел аузында «Ырғызбай әулие» атанған баба 1787 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы 63 жасында өмірден озған. Ол молда, тәуіп һәм әулие кісі болған. Дала зертханасында дәрілерін сайлап, алдын ала өзіне келе жатқан адамды, жанына батқан ауруы мен оның емін біліп отырған. Қытай емшілерімен байланыста болып, тәжірибе алмасқан. Бір ерекшелігі, ем-домына ақы алмаған. Аурухана жоқ, ешкім ота жасамайтын заманда адамдарға көп шипасы тиген.
Соңғы жылдары Тарбағатай ауданында Бәделхан Камалханұлы сынды ел азаматтарының бастамасымен Ырғызбай әулие құрметіне қазақ күресінен халықаралық турнир өтеді. Ырғызбай ата турнирі – Қазақстан бойынша ФИЛА кестесіне енген тұңғыш турнир.