Қасым-Жомарт Тоқаев: Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет

Бүгін елордада халықаралық волонтерлер форумының екінші күні.
Форумның мақсаты – волонтерлік қозғалысты қолдау және дамыту, волонтерлік қызметтегі қазақстандық тәжірибені таныстыру және елдің халықаралық сахнадағы жағымды имиджін қалыптастыру, сонымен қоса волонтерлердің статусын арттыру, ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді нығайту.
Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент өз сөзінде мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі маңызды екенін атап өтіп, еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын айтты.
«Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент волонтер болу, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі деп санайды. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты.
«Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.