Жаңалық

Қазақ әжелері Zoom-ды қалай қолданады?

«Ата мен әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы» жобасы өз жұмысын бастады.

Ата мен әже тәрбиесі арқылы жас жеткіншекті ұлттық салт дәстүрді игеруге және ұлттық мәдениет пен өнерге деген қызығушылықты арттыру мақсатында Павлодар облысы, Май ауданы, Жұмыскер ауылы, «Қазан жалпы орта білім беретін мектеп» ММ мен Кеңтүбек ауылы «Жалтыр жалпы орта білім беретін мектеп» ММ-нің бастамасымен «Ата мен әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы» жобасы өз жұмысын бастады. Қазіргі жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, жобаның жоспарына сәйкес киіз үй құрылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің көрмесі, Zoom платформасында шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың бірі, Жұмыскер ауылы «Қазан жалпы орта білім беретін мектеп» ММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Теміржанованың айтуынша:

–      «Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт – дәстүрлері, дағдылары бар. Салт-дәстүрімізді келешек ұрпаққа үйрететін және үйрете отырып тәрбиелейтін, тәрбиелеу әдістерінің бірі – ата мен әже тәрбиесі. Атаның көпқырлы, сан сырлы, басы артық сөз айтпайтын мінезін, әженің мейірімді жүзі, қалыпты дауыс ырғағын оқушылар жақсы қабылдайды. Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келген жоба оқушылардың салт-дәстүр тұрғысындағы санасын тәрбиелеуде жемісті нәтиже беруде. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобаның жан-жақты дамуына түрткі болды».

Жобаға 30-ға тарта оқушы қатысып, ата-әжелерден теориялық тұрғыдан да, тәжірибелік тұрғыдан да білім алды. Қатысушылардың бірі «Қазан жалпы орта білім беретін мектеп» ММ-нің 8-сынып оқушысы Самал Рамазан аталмыш жобадан алған әсерімен бөлісті:

–      «Ата мен әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы» жобасы ұлттық салт-дәстүрімізді және қазақ халқының мінезі, ата-бабадан келе жатқан мұрамызды, тарихымызды жете танытуда. Жобаның жоспарына сай, киіз үй жасауы және оның ерекшелігімен таныстым».

Атап айтсақ, оқушылар киіз үйге төселетін оюлы көрпе және сырмақ, ілінетін түс киіз, оюдың түрлері және көрпе тігу, түс киіз тігу жолдары, сырмақ тоқу, сырмақ тігуге арналған киіз басу технологиясын игерді.

Онымен қоса, мал жүнінің түрлері, пайдасы, жүн иіру әдістері, жүн сабау, түлкі терісін илеу жолдары, түлкі терісінің пайдасы, тымақ тігуді үйренді. Қатысушылар ұлттық тағам түрлерімен танысып, табақ тарту ерекшелігі, нан салу және бесбармақ, бауырсақ әзірлеу әдістерімен танысты.

Іс-шара нәтижесінде қатысушылар қазақтың салт-дәстүрлерін меңгерді. Ұйымдастырушылар жобаны аудан, облыс көлемінде өткізуді жоспарлауда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button