Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақ авторларының кітаптары тәжік тіліне аударылады

Алматыда Қазақстан мен Тәжікстан жазушыларының кездесуі өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өзінің Telegram каналында жазды.

Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндерінің қорытындысы ретінде екі республиканың Жазушылар одағының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткен.

Жиында Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрі Зульфия Давлатзода, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Косим Нозим, сондай-ақ екі елдің көрнекті мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан.

Біз мемлекеттеріміздің әдебиет саласындағы өзара ынтымақтастығы мәселелерін талқыладық. Атап айтқанда, Жазушылар одағы қазақстандық авторлардың бес шығармасын тәжік тіліне аудару туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ Қазақстанда тәжік әдебиетшілерінің бес еңбегін шығару ұсынылды. Бұл Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді деп санаймын, – деп жазды министр Асхат Оралов.

Министрдің айтуынша, әдебиетті дамыту бойынша екі ел ынтымақтастығының күшеюі бүкіл Орталық Азия аймағына орасан зор пайда әкеледі.

Қажетті қадамдар қазірдің өзінде жасалып жатыр. Мәселен, келесі жылы Ұлттық академиялық кітапханада тәжік әдебиетінің бұрышы ашылады. Сонымен қатар, біздің елдеріміздің ұлттық кітапханалары арасында ынтымақтастық туралы шарт бар, оның шеңберінде кітапхана, архив және музей қорларының жазбаша және баспа құжаттарын сақтау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ал тәжік тарапы өз кезегінде қазақстандық баспалар мен кітап сауда ұйымдарын осы жылдың қазан айында Тәжікстан астанасында өтетін XI халықаралық «Душанбе кітабы» көрмесіне шақырды.

Келесі жылы Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отырғанын атап өткім келеді»,- деп жазды министр.

Отырыс соңында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Косим Нозим екі елдің Жазушылар одақтары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, тәжік делегациясына естелік кітаптар табысталған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button