«Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» жарық көрді
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай құрастырған «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты он томдық Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен жарық көрді.
Антологияға Ахмет Байтұрсынұлы мен Ыбырай Алтынсарин еңбектерімен қатар Еділбек Дүйсенов, Әдина Жүсіп секілді авторлардың еңбектері де енген. Көптомдықта балалар әдебиеті бағытында қалам тербеген азаматтардың өлеңдері мен әңгімелері, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, мысалдары мен хикаяттары тізілген.
Сондай-ақ, антологияда автор туралы қысқаша мәлімет пен автордың фотоссуреттері де бар.
Антология «Қуыр-қуыр, Қуырмаш», «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт күн», «Ғажайып құмыра», «Балапан», «Алтын киік», «Ортаншы ұл», «Алатау ертегісі», «Қарлығаштың ұясы», «Мынау ғазиз дүние» атты он кітаптан тұрады.
«Қазақ кітап өндірісінде тұңғыш рет жарық көріп отырған бұл антология балаларға ғана емес, әрбір ата-ана, балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері – жалпы бала тәрбиесіне бейжай қарай алмайтын исі қазаққа өте қажет», – дейді құрастырушы.
Кітап бағасы да көңілге қонымды. Он томдық ірі кітап сауда дүкендерінің сөрелерінде жоқ. Кітаптарды құрастырушының өзіне хабарласу арқылы немесе Ziyat кітап дүкенінен сатып алуға болады.
Желі қолданушылары: «Қазынаға кенелдім. Байбота Қошым-Ноғай ағамыз қанша жыл уақытын сарп қып құрастырған 10 томдық еңбек! Ең бастысы өзіме керек, қолдау да болсын деп тапсырыс бердім», – деп пікір білдіріп, құрастырушыға алғыстарын білдіріп жатыр.
Оқырмандарының зейіні ашылсын! Бүлдіршіндердің қолынан түспес қазынаға айналсын!